Астанада тағы бір газбен жұмыс істейтін жылу станциясының құрылысы қолға алынды.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Әкімнің айтуынша, елордада инфрақұрылымды дамыту мақсатында тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар қарқынды салынып жатыр. Бұған дейін үшінші ауыз су станциясы, газ жылу қондырғылары мен электр қосалқы станциясы іске қосылып, жаңа жылу көздері қала жүйесінің қуатын 34 пайызға арттырған.
Қазіргі жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр. Ауа температурасы –20°С болған кезде жылу профициті шамамен 1500 Гкал/сағ құрайды. Осы көрсеткішті сақтап қалу үшін қуаты 710 МВт болатын «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы басталған.
Жоба іске асқаннан кейін «Бағыстан» тұрғын үй кешені, Тельман елді мекені мен Ұлы Дала даңғылы аудандары орталықтандырылған жылумен қамтылады. Табиғи газды пайдалану экологиялық жағдайды жақсартып, Тельман ауданындағы ауаның ластану деңгейін төмендетеді.
Қазіргі уақытта ЖЭО-2-ні кеңейтуге дайындық жұмыстары жүргізіліп, ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау басталған.





