
Құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл көліктерге, қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
«Біз «сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салуды ұсынамыз. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту ұсынылады. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарлануда. Әділдік мақсатында қымбат алкогольдік сусындар мен сигараларға 10% акциздер ұсынылады», – деді Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ, салық төлеушілермен жұмыстың сервистік моделі ұсынылып отыр.
«Салықтық әкімшілік жазалауды тоқтатады. «Бесіктен» шыққаннан бастап жабылғанға дейін фискалдық» сүйемелдеуді енгізуге баса назар аударылатын болады. Бұл ретте салық есептілігі 30%-ға қысқаратын болады», – деді Ұлттық экономика министрі.