
Енді eGov мобильді қосымшасын пайдаланатын азаматтар жаңа Nomad Guard мобильді сервисі арқылы өз деректерінің қауіпсіздігін тексере алады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның мәліметіне сүйенсек, жаңа сервис қолжетімді болады. Ал оны жүктеп алған азамат қандай да бір сілтеме арқылы қауіпті сайттарға кірсе, жеке деректері таралып жатқанын бірден ескертеді.
«Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 53%-ы жеке деректерін интернеттен көрсе, қайда жүгіну керек екенін білмейміз деп жауап берген. Мұндай деректер соңғы уақытта 50 мыңнан астам адам қатысқан eGov мобильді қосымшасындағы онлайн сауалнамадан анықталды. Азаматтардың 31%-дан астамы фишингтік сілтемелердің не екенін түсінбейді, ал бұл – онлайн алаяқтардың негізгі құралдарының бірі. Тек әрбір бесінші адам фишингті нақты веб-сайттардан ажырата алады», – деп хабарлайды компания.
Жеке деректерін қорғағысы келетін азаматтар eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Басқа сервистер» бөліміне өтуі керек. Ары қарай «тексер» батырмасын басып, өз деректерін жіберуі керек.