Қазақстанда энергетика саласын цифрландыру аясында жаңа буын мамандарын даярлау жоспарланып отыр.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі алаңында өткен салалық кеңес отырысында айтылды.
Жиынға мемлекеттік органдармен қатар KEGOC, Самұрық-Энерго, Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы, СЕВКАЗЭНЕРГО, Kazakhmys Energy секілді ірі компаниялар мен салалық ұйымдар қатысты.
Кездесуде энергетикада цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған жаңа кәсіптік стандарт әзірлеу мәселесі көтерілді. Соған сәйкес, бірқатар жаңа мамандықтар пайда болмақ. Олардың қатарында «ақылды желілерді жобалаушы», Smart Grid жүйелеріне арналған ЖИ-инженері және энергетикалық желілердің киберқауіпсіздігіне жауапты мамандар бар.
Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары энергетика саласында «ақылды» басқару жүйелері кеңінен енгізіледі. Бұл өз кезегінде дәстүрлі диспетчерлік қызметтің бір бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа буын мамандардан тек энергетика саласындағы білім ғана емес, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бойынша да біліктілік талап етіледі.
Айта кетейік, бұған дейін салада цифрлық басқару жүйелерін жетілдіруге бағытталған «Смарт-менеджер» жаңа мамандығы енгізілген болатын.
Жалпы, Қазақстанның электр және жылу энергетикасы жаһандық үрдістерге сәйкес дамып келеді. Салада цифрландыру, автоматтандыру және зияткерлік технологияларды енгізу кадр даярлау жүйесін де жаңғыртуды талап етіп отыр.





