
ForteBank акциялары қысқа мерзімді күрт өсу кезеңінен кейін айтарлықтай төмендеді.
Бүгінгі сауда-саттықтың ортасында бір акцияның құны 22,27 теңгеден 18 теңгеге дейін түсіп, 19,2%-ға құлдырады.
Аталған банк акциялары жақында Home Credit Bank-ті сатып алу туралы жаңалықтан кейін өсім көрсеткен болатын. Ол кезде ForteBank бағалы қағаздарының бағасы 7,9 теңгеден 22,27 теңгеге дейін көтеріліп, рекордтық деңгейге жеткен еді. Алайда бұл өсім ұзаққа созылмады.
Сарапшылардың пікірінше, нарықтағы реакция – инвесторлардың күмәні мен бағалардың шамадан тыс жоғарылауына байланысты. Қазір акциялар қайта бағалауға ұшырады деген пікір қалыптасқан.
«Егер Home Credit Bank-пен бірігу сәтті жүзеге асса, ForteBank акциялары 28-30 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бірақ егер нарықтағы қысым мен инвесторлардың сатылымы жалғаса берсе, баға 15-18 теңге деңгейіне дейін төмендеуі ықтимал», – дейді қаржы сарапшылары.
Бүгінде ForteBank – Қазақстандағы төртінші ірі банк, оның активтері 4,7 трлн теңгеге жуық. Банктің бақылаушы үлесі белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі. Forbes деректері бойынша, оның байлығы 6,46 млрд доллар көлемінде бағаланады.