ForteBank Home Credit Bank-тегі 75% акцияны сатып алу жөніндегі мәмілені толық аяқтап, банктегі мажоритарлы акционер мәртебесіне ие болды.
Мәміле бойынша кеңесші ретінде J.P. Morgan компаниясы жұмыс істеген.
Банктің ресми мәлімдемесінде корпоративтік және тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін Home Credit Bank өз брендімен жеке ұйым ретінде жұмысын жалғастыратыны атап өтілді. Сондай-ақ акционердің ауысуы клиенттер мен серіктестер алдындағы банк міндеттемелеріне әсер етпейтіні, қолданыстағы сервистер мен өнімдер сол күйінде сақталатыны, ал маңызды өзгерістер қосымша хабарланатыны жеткізілді.
Еске салайық, ForteBank биылғы қазан айында АРРФР-дан Home Credit Bank пен HomeITTech компанияларын еншілес ұйым ретінде сатып алуға рұқсат алған болатын.
Қазір ForteBank-тің мажоритарлы акционері – 90,92% акцияға ие Болат Өтемұратов. Forbes Kazakhstan 2025 рейтингі бойынша ол Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің ішінде 6-орында, оның байлығы 3,7 млрд доллар деп бағаланған.





