Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде жаңа өрт сөндіру станциясы ашылды

Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде жаңа өрт сөндіру станциясы ашылды
Қостанай, Абай облыстарында үлкен орман өрттерінен кейін Ұлттық парктің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бұл бағыттағы жұмыстың бірі - "Іле Алатауы" МҰТП Үлкен Алматы аумағында бірінші типтегі орман өртін сөндіру станциясы салынып,  іске қосылды. 

«Ұлттық парк бойынша Орман өртін сөндіру станциясы былтыр салынып, биыл іске қосылды. Әр филиалда Орман өртін сөндіру станциясы салынып жатыр. Қостанай, Абай облыстарында үлкен орман өрттері болғаны мәлім. Сол өрттерден кейін Ұлттық парктің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Алдағы жылы ұлттық парк аумағында орман өртін алыстан бақылайтын 17 құрылғы орнатылады. Ол камералар өртті тез анықтауға көмектеседі. Жалпы бізде орман өртін алдын алу шаралары ақпан, наурыз айынан басталады. Қазақстан бойынша біздің парк ең күрделі аймақ болып саналады. Өйткені, үлкен магаполистің жанында тұрғандықтан туристер өте көп келеді. Ұлттық парктің жалпы аумағы – 200 160 гектар. Парктің аумағы батыстағы Шамалған өзенінен шығыстағы Түрген өзеніне дейін 120 шақырымға созылып жатыр. Біздің паркте 320 мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды», – деді  Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.  

Жазғы маусым кезінде ұлттық паркте өрттің алдын алу және қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Атап айтқанда 25 шм өртке қарсы жол жөнделіп, 78 шм жолақ шөбі шабылған.  Сондай-ақ, өрт маусымына дейін және қауіпті кезеңде 60 дана аншлаг, 15 000 ақпараттық парақша, 4766 түсіндіру кездесуі ұйымдастырылған.  2025 жылдың өрт маусымында 7 орман өрті тіркеліп, 0,009 га аумақты шарпыған. 

Әдетте, орман өртіне абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағай себепші болып жатады. Биылдың өзінде Ұлттық парктің шет аумақтарында жеті өрт оқиғасы тіркелген. Оған биылғы қуаңшылық себеп, дейді мамандар.

Орман өртінің негізгі себептерінің бірі – адамның отқа ұқыпсыз қарауы, яғни, орманда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы, дейді мамандар. Жанып тұрған сіріңкенің шиін, темекі тұқылын жерге тастау, бекітілмеген жерлерге, қылқан жапырақты жас екпелерге, бұрын жанған ағаштарға, орманның зақымдалған учаскелерінде, сондай-ақ, ағаш бұтақтарының астында және кепкен шөбі бар жерлерде от тұтатпау қажет, деп ескертеді өрт сөндіру қызметкерлері. Биыл парк аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 35 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

"Орман өртінің алдын алу үшін алдымен адамдар табиғатты пайдалану мәдениетін меңгеруі қажет. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес, барша адамзатқа ортақ міндет болуы тиіс.
Орман өртінің табиғатқа келтіретін зияны аз емес.  Өйткені жасыл-желектің қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет. Өрт бола қалған жағдайда орманның табиғи қайта түлеуі жойылады. Қызыл жалын орман ішіндегі құстардың ұясы мен жан-жануарлардың қоректік базасын да жояды", дейді ҰП мамандары.

Назира Елеухан

Ұқсас материалдар