Іле Алатауы ұлттық паркінде «Halyk орманы» жобасы аясында 625 ағаш отырғызылды

Сенбілік таңда Алматы қаласының табиғат жанашырлары Алатаудың баурайына жиналып, көрікті Көкжайлау шатқалында шырша ағаштарын отырғызуға атсалысты. Бұл шараға журналистер де белсене қатысып, өз ағашына өмір сыйлап қайтты.
Бұл биыл елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық іс-шарасына «Halyk орманы» жобасы қосқан айрықша үлес. Ал ауқымды экологиялық бастама Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тиесілі аумақта жүзеге асты.
Идея көктемде өткен GreenAct экочелленджінен бастау алған екен. Сол кезде елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам – оқушылар, компания қызметкерлері, жай ғана белсенді азаматтар саябақтарды тазалап, қоқысты сұрыптап, көшет отырғызды. Енді бастама ұзақ мерзімді экобағдарламаға айналды.
Жобаны Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп іске қосты. Оның мақсаты – табиғатты көгалдандыру ғана емес, бұл мекенге жаңа тыныс беру. Айта кету керек, бес жылға есептелген жобаға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде елдің үш өңірінде 4 миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Алғашқы кезең Шығыс Қазақстандағы «Семей орманы» аумағында басталды. Жүздеген гектар өртенген аймаққа алғашқы 800 көшет егілді. Ендігі кезек – Іле Алатауы. Мұнда 5 гектар аумаққа 14 мың шренк шыршасы отырғызылмақ. Ал бүгін Көкжайлау шатқалында 625 түп ағаш бой түзеді.
«Halyk орманы» жобасы аясындағы экологиялық акцияға Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрбек Шәрбиев, белгілі эколог Мэлс Елеусізов, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлері және еріктілер қатысты. Әуелгі сөзді алған вице-министр Нұрбек Шәрбиев бұл жобаға қысқа, бірақ нақты сипаттама берді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында республика аумағында 2,5 миллионға жуық көшет отырғызылса, 600 тонна қоқыс тазаланды. Бүгін Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағының ең әдемі, ең көрікті Көкжайлау шатқалында өтіп жатқан шараға куә болып отырмыз. Табиғатты қорғау – бір реттік іс-шара емес, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру. Біз табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. «Halyk орманы» және осындай жобалар – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам», – деді Нұрбек Шәрбиев.
Halyk Басқарма Төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев осы жобаны ұйымдастырған қор жетекшілеріне алғысын жеткізді. «Halyk орманы» жобасы Семейде басталып, одан кейін Астанада, бүгін Алматыда жалғасын тапты. Бұл акция жастар үшін, алғашқы қатысушылар үшін тәжірибе болуы мүмкін. Ауамыз таза, тауымыз жасыл, ағаштар көп болсын. Осы шараға қатысып, қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деді Halyk Басқарма Төрағасының орынбасары.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бұл жоба есеп үшін емес, болашақтағы экологиялық таза Қазақстанға, кейінгі ұрпаққа керек екенін жеткізді.
«Әр отырғызылған ағаш – қаланың тынысына, адамның санасына салынған инвестиция. Ағашты отырғызу бір минуттың шаруасы. Бірақ осы істің мән-мағынасы кейінгі ұрпаққа қалады. «Halyk орманы» – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыратын мектеп. Бұл – бізден кейін де ел есінде қалатын іс», – деді.
Ал Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов: «Ағаш егу акциясы «Halyk» қоры, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің өзара келісіміне байланысты жүзеге асты. «Halyk орманы» жобасы барысында 1 гектар жерге 625 шырша отырғызылды. Шренк шыршасы – Алматы қаласы Іле Алатауы бөктеріне, Тянь-Шань тау сілемдеріне бұрыннан жерсініп келеді. Шараға 500-ден астам адам жиналды», – деді шара соңында.
Елнұр Мұхамеджанұлының айтуынша, биыл ұлттық парк аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыру бойынша 97 600 адамды қамтыған 249 іс-шара өткізілген. Іс-шара нәтижесінде 8 200 түп ағаш отырғызылып, 11,5 тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бойынша 2025 жылдың 9 айында парк аумағынан 886 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылса, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін 32 жабық алаңға қоқыс жинауға арналған 365 контейнер орнатылды. «Оның ішінде құрғақ фракцияға арналған – 295 дана, дымқыл фракцияға арналған – 70 дана. Қоқысты шығару үшін заманауи 2 Iveco және 1 JAC арнайы техникасы сатып алынды», – дейді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.
Демек, табиғатты сақтау, экологияны қорғау – бір күндік шара емес, ел тарихында із қалдыратын жоба. Ал мұндай бастама ел есінде ұзақ сақталатыны анық.