Интернет-ресурстар арқылы сақтандыру полисін заңсыз ресімдеу қалай жүзеге асады?
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі интернет-ресурстарды мониторингтеу барысында Интернет желісінде өздерін сақтандыру ұйымдарының ресурстары ретінде көрсететін әлеуметтік желілердегі сайттар мен парақшалар арқылы сақтандыру қызметтерін көрсету туралы ақпаратты тарату фактілерінің анықталғанын хабарлайды.
Көрсетілген интернет-ресурстар жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының лицензияланған сақтандыру ұйымдарының атауларын пайдаланып, сақтандыру полистерін, оның ішінде көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша (КҚИ АҚЖМ) онлайн-рәсімдеуді ұсынады.
Бұдан басқа, мұндай полистерді белгіленген тарифтерден жоғары бағамен сату жағдайлары анықталуда.
Сонымен қатар, мұндай қызметтерді ұсынатын жеке тұлғаларда Агенттіктің сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ екені және сақтандыру агенттері ретінде тіркелмегені анықталды.
«Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің делдалдық қызметін жүзеге асыруға жол берілмейді.
Мұндай полистерді лицензиясы бар сақтандыру компаниясы арқылы ғана рәсімдеуге болады.
Осыған байланысты Агенттік азаматтарды интернет арқылы сақтандыру шарттарын жасасу кезінде аса мұқият болуға шақырады.
Азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Агенттік:
- Сақтандыру ұйымында сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясының болуын тексеруге кеңес береді. Лицензиясы бар сақтандыру компанияларының тізімімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады;
- Жарнамадағы ұсыныстарға сыни қарауға және сақтандыру полистерін сақтандыру ұйымдарының ресми сайттарында ғана рәсімдеуге;
- Міндетті сақтандыру шарттары бойынша делдалдық қызметтерге ақы төлемеуге, сондай-ақ ақша қаражатын үшінші тұлғалардың белгісіз банктік шоттарына, телефон нөмірлеріне және өзге де деректемелеріне аудармауға;
- Жеке куәлікті, жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті (техникалық паспортты) және басқа да дербес деректерді қоса алғанда, жеке құжаттардың көшірмелерін немесе фотосуреттерін үшінші тұлғаларға бермеуге кеңес береді.
Тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы сақтандыру шартын жасасу жарамсыз сақтандыру полисін сатып алуға және соның салдарынан сақтандыру қорғауының болмауына әкелуі мүмкін екенін еске саламыз.
Сақтандыру қызметтерін ұсынатын күдікті интернет-ресурстар анықталған жағдайда азаматтарға бұл туралы Агенттікке хабарлауға немесе тұрғылықты жері бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес беріледі.





