Қайтарылған активтер: Ақмола облысының 10 ауылында медициналық нысандар салынады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Облыстың бірқатар ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) мен дәрігерлік амбулаториялар құрылысын аяқтау жұмыстарына Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды.
Барлығы 4 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт салынады. Әр ауысымда 405 науқасты қабылдай алатын дәрігерлік нысандар ауылдық жерлерде халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Дәрігерлік амбулаториялар Ақмола облысының келесі ауылдарында:
– Аршалы ауданы Арнасай ауылында,
– Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан ауылында,
– Жарқайың ауданы Пятигорское ауылында,
Целиноград ауданы Жаңа Есіл ауылында бой көтереді.
Сондай-ақ:
– Жақсы ауданының Киров ауылында,
– Целиноград ауданы Жарлыкөл ауылында,
– Бұланды ауданының Партизанка ауылында,
– Бұланды ауданы Алтынды ауылында,
– Шортанды ауданының Пригородное ауылында ФАП-тар салынады.
Целиноград ауданының Шалқар ауылында медициналық пункт пайдалануға беріледі.