«Атом электр станцияларының құрылысын қолдау мақсатында отандық колледждер базасында АЭС үшін кадрлар дайындайтын арнайы мамандықтар пайда болады», - деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, дозиметрлерді, бу турбиналық жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарлар, АЭС механикалық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандары, АЭС ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар және т.б. дайындала бастайды.
Министр электротехника колледждерімен тығыз ынтымақтастықты ведомстволық бағынысты ұйымдар – Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты жүзеге асырып жатқанын, бұл колледж студенттерінің ядролық мамандықтар бойынша тәжірибелік сабақтарын өтуіне негіз болатынын еске салды.
Министрдің айтуынша, АЭС құрылысы жобасы 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық адамды, ал құрылыстың шарықтау шегінде 2032 жылы 10 мыңға жуық адамды, пайдалану кезеңінде кемінде 2 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, 2024 жылдың 6 қазанында Қазақстан азаматтары жалпыхалықтық референдумда АЭС құрылысын мақұлдады. Қазіргі уақытта Қазақстан төрт жеткізушінің қуатты реакторлық технологияларын қарастыруда – бұл Франция, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея технологиялары. Елдің Энергетика министрлігінің мәліметінше, бір энергоблоктың құны орта есеппен 5 миллиард долларды құрайды.