Қазақстанда фермерлер мен шаруа қожалықтары жеке табыс салығын (ЖТС) азайта алады.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Әдіснама департаменті Салық әдіснамасы басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова бүгін өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айгүл Аббасованың айтуынша, жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын және ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруа немесе фермер қожалықтары үшін ЖТС мөлшерлемесінің прогрессивті шкаласы қарастырылған:
- 1 млрд теңгеге дейінгі табысқа – 10%,
• 1 млрд теңгеден жоғары табысқа – 15%.
Маман атап өткендей, өнім өндіретін және оны сатумен айналысатын фермерлер салықтық жеңілдікке ие бола алады – есептелген жеке табыс салығының сомасын 70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік бар.
Бұл жеңілдік қазір де қолданыста және 2026 жылы да сақталады, - деді Айгүл Аббасова.
Сондай-ақ ҚМГД өкілдері фермерлерге салық есебін дұрыс жүргізу және қолданыстағы жеңілдіктерді барынша пайдалану үшін өз өңірлеріндегі салық басқармаларына жүгінуге кеңес берді.





