Алматыда Қазақстан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен үш елдің су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының кездесуі өтті.
Жиынға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, сондай-ақ Қырғызстан Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Алмаз Жээналиев қатысты.
Келіссөз барысында тараптар су-энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту параметрлері бойынша ортақ ұстанымға келді. Тоқтағұл су қоймасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, Қазақстан мен Өзбекстан алдағы күз-қыс маусымында Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуге дайын екенін растады. Бұл қырғыз тарапына қыс мезгілінде электр энергиясын өндіруді азайтып, су қоймасына қажетті көлемде су жинауға мүмкіндік береді.
Жиналған су 2026 жылғы вегетациялық кезеңде Қазақстан мен Өзбекстанның оңтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суаруға бағытталмақ. Сонымен қатар, тараптар өңірде энергия тұтынуды азайту және үнемдеу бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Кездесу барысында үш ел өкілдері ынтымақтастықтың достық және өзара түсіністік жағдайында жүріп жатқанын атап өтті. Өзбекстан өз тарапынан энергия жүйесінің транзитін, жеткізілімдерін және теңгерімін техникалық қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша 2025-2026 жылдардағы қысқы электр энергиясы жеткізілімдері мен 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинау тәртібін құқықтық тұрғыда бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойылды.





