
Қазақстан мен Оңтүстік Корея су ресурстарын басқару саласында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Бұл мақсатта «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Оңтүстік Кореяның K-Water корпорациясы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа «Қазсушар» РМК бас директоры Ануар Өскенбаев пен K-Water корпорациясының вице-президенті Сонг Ен Хан қол қойды. Ынтымақтастық туралы келісім Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асты.
Цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект енгізіледіМеморандум шеңберінде келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр:
-
Су нысандарын тиімді басқару және мониторинг жасау;
-
Су тасқыны мен қуаңшылық тәуекелдерін жасанды интеллект көмегімен болжау;
-
Су ресурстарын есепке алу мен бақылауды цифрландыру;
-
Геоақпараттық жүйелер мен картографиялық шешімдер қолдану;
-
Бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және кадрлар даярлау.
Кездесу барысында кореялық тарап Қазақстанда «Цифрлық егіз» технологиясын енгізу мүмкіндігін таныстырды. Бұл технология нақты су шаруашылығы нысанының виртуалды моделін құруға, сондай-ақ сенсорлар, жасанды интеллект және симуляциялар негізінде нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді.
Ресми мәлімдемеСу ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов K-Water компаниясымен әріптестік отандық су саласын цифрландыруға серпін беретінін атап өтті:
«Мемлекет басшысы Жолдауында су шаруашылығын автоматтандыру және жаңғырту міндетін қойды. K-Water компаниясымен бірлескен жұмыс Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалануға, халықаралық тәжірибені меңгеруге және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге жол ашады», – деді вице-министр.