
Қазақстанда алғашқы криптокарталар сынақ режимінде қолданысқа енгізілді.
Әзірге бірнеше карта ғана шығарылып, олардың жұмысы нақты жағдайда тексерілмек. Криптокарта арқылы тауарлар мен қызметтерді Mastercard терминалдары және Apple Pay жүйесі арқылы төлеуге болады. Жоба алғаш рет Digital Almaty 2025 форумында таныстырылған еді.
Карталардағы криптовалютаны теңгеге айырбастау МФЦА-да тіркелген Intebix криптобиржасының нарықтық бағамы бойынша жүргізіледі. Транзакция үшін комиссия көлемі – 1%, ал халықаралық баламаларда ол 3-6%-ға дейін жетеді. Сынақ кезеңінде шектеулер бар: тәуліктік сатып алу лимиті 1000 доллар, қолма-қол ақша шешу мен аударым жасауға мүмкіндік берілмейді. Есеп айырысу тек теңгемен және Қазақстан аумағында ғана іске асады.
Ұлттық банк 2025 жылғы 3 маусымда криптокарталар жобасын іске қосуды ресми түрде жариялады. Бұл карталар тұтынушыларға лицензияланған криптопровайдерлердің криптоәмияндарына байланған қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік береді. «Криптофиаттық шешім қолданыстағы төлем инфрақұрылымына криптоиндустрияны қауіпсіз әрі ыңғайлы енгізуге жол ашады», – деді Ұлттық банктің төраға орынбасары Берік Шолпанқұлов.
Еуразиялық банк өкілдерінің айтуынша, сынақ режимінде іске қосу өнімді шағын ауқымда тексеріп, инфрақұрылымның сенімді әрі ыңғайлы екенін бағалауға мүмкіндік береді. Бұған дейін хабарланғандай, тауар немесе қызмет үшін төлем жасағанда криптовалюта автоматты түрде МФЦА биржаларында сатылып, фиаттық ақша бірден картаға түседі де, төлем теңгемен өтеді.