Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда кейбір дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет ҚҚС-нан босатылуы мүмкін

Қазақстанда кейбір дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет ҚҚС-нан босатылуы мүмкін

Бүгін үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ҚҚС мөлшерлемесін көтеру денсаулық сақтау саласына төндіретін тәуекелдер туралы айтты.

Мұндай норма жаңа Салық кодексінің жобасында ұсынылып отыр.

Министр қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, дәрілік заттарды әкелу мен өткізу, сондай-ақ медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылғанын атап өтті.

«Қазір Парламенттің қарауында жатқан Салық кодексінің жобасында бұл норма алынып тасталды. Бастапқыда 10% ҚҚС көзделген. Бүгін талқылаулардан кейін біз 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге ҚҚС төмендетілген ставкасын белгілеу туралы қорытындыға келдік: 5%.Тегін медициналық көмек көрсету мемлекеттік қоры мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетілетін қызмет көлемі ҚҚС-тан толығымен босатылады. Ал ҚҚС-тан босатылатын дәрілік заттар мен медициналық қызметтердің тізбесі меншік нысанына қарамастан қалыптастырылады. Бұл ең жиі сатып алынатын дәрілердің әлеуметтік сезімтал тізімі», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Ол қазіргі таңда жеке медициналық ұйымдарда көрсетілетін медициналық қызметтер, паллиативтік көмек және онкологиялық көмектер де ҚҚС-тан босатылады деп сендірді. Әлназарованың айтуынша, қазір тізім әзірленуде.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда жедел жәрдем дәрігерлері 2025 жылдың соңына дейін бейнежетондармен жабдықталатынын хабарлаған болатын. Бұл шара оларды шабуылдардан қорғауға бағытталған.

 

Ұқсас материалдар