Қазақстандық туристер «Jibek Joly 2.0» туристік пойызымен Өзбекстанға аттанды
Пойыз «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Алматы» бағыты бойынша бес күндік саяхат жасайды. Тур 2025 жылдың 2-7 қаңтары аралығында өтеді, бұл сапарға 110 жолаушы қатысып отыр. Екінші турдың басты ерекшелігі — бағытқа Самарқанд пен Шымкент сияқты жаңа қалалардың енгізілуі.
Туристік пойыз отандық өндірістің жаңа вагондарынан құралған. Вагондардың ішкі дизайны ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. Пойыз құрамында төрт купелік вагон мен бір мейрамхана вагоны бар.
Түркістанда жолаушылар бір күнін өткізіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар мұражайы және басқа да тарихи орындарды аралайды.
Ташкентте туристер Хазрати Имам тарихи кешені, Барақхан медресесі, Әбу-Бәкір Қаффали Шаши кесенесі мен Төле би мазары сияқты тарихи орындарға барады. Сонымен қатар, «Magic City» тақырыптық саябағы мен басқа да заманауи ойын-сауық орындарын тамашалай алады.
Самарқандтағы бағдарлама аясында жолаушылар Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі және атақты Регистан алаңын аралап, ондағы Шер-Дор, Тилля-Кари және Улугбек медреселерін көреді.
Туристік маршруттың соңғы аялдамасы — Шымкент қаласы, онда қатысушылар қаладағы басты көрікті жерлерді тамашалап, Қазақстанның бай тарихы мен мәдени мұрасымен жақынырақ танысады.
Тур ҚТЖ тарапынан «Өзбекстан темір жолдары» компаниясының, ҚР Туризм комитеті мен Көлік министрлігінің, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.