Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Кеген ауданында орман шаруашылығы қалай дамуда?

 Кеген ауданында орман шаруашылығы қалай дамуда?

Кеген орман шаруашылығы. Досжан Балабекұлының фотосы. 

Алматы облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 5,4 млн гектар. Бұл облыстағы жер көлемінің  24,1%-ын қамтиды. Ал орманмен көмкерілген жер көлемі 2 млн гектар. Бұл шамамен облыс аумағының 8,3%-ы. Аз ғана аумақты көздің қарашығындай сақтау, өсіріп, молайту парыз.

Облыстағы орманды жердің басым бөлігі әрі қылқан жапырақты ағаш негізінен Кеген ауданында. Сондықтан ауданда орман шаруашылығының орны ерекше. Бүгінде бұл аумақта табиғатты қорғау, өсіру, молайту бағытында қос бірдей мекеме Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Кеген орман шаруашылығы мекемесі мен «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жұмыс істейді. Тарихы 1960 жылдардан басталатын Кеген орман шаруашылығы мекемесі ширек ғасыр бойы табиғатты қорғау, молайту ісін мүлтіксіз атқарып келеді. Қазіргі таңда мекеменің тынысы қандай? 7kun.kz тілшісі Кеген ауданына арнайы барып қайтты.

Облыстың орман саласына қамқорлығы ерекше

Біздің сапарымыз Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаевтың сапарымен сәйкес келді. Кездескен сәтте-ақ басқарма басшысынан сүйінші жаңалық естідік. Кеген орман шаруашылығы мекемесі осы жазда 2 қабатты, жалпы ауданы 520 шаршы метрлік жаңа ғимаратқа көшеді. Мекеме  кеңсесін жаңалауға  Алматы облысының жергілікті бюджетінен 413 093 200 теңге  бөлініп, қазіргі таңда «Тунус» ЖШС құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде екен. Құрылыс жұмыстарымен танысқан Қанат Ақылұлы мен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев мердігер компания өкіліне ғимаратты барынша сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде ғимараттың қаңқасы тұрғызылған, жоспардан кешікпей, уақытында тапсырылады. «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиевтың айтуынша, қазір мекеме 1946 жылы салынған ескі ғимаратта отыр.

Ғимараттың негізі дайын

Қанат Ақылұлының айтуынша, облыстағы орман саласындағы жақсы жаңалық бұл ғана емес. Қазіргі кезде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық базалары күшейтілуде.

«Жалпы облыс бойынша техникалармен қамтамасыз етілуі былтыр 75 пайыз болса, биыл 82 пайызға жеттік. Сонымен қатар биылғы жылға барлық орман шаруашылығы мекемелеріне патрульдік көліктер, тракторлар сатып алуға қаржы бөлінді. Сонымен қатар қазір лизинг бағдарламасы арқылы облыс бойынша 828 млн теңгеге 26 өртке қарсы техникалар алуға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Оның ішінде 8 өрт сөндіру автокөлігі, 8 өртке қарсы кешен, 10 трактор бар», – дейді басқарма басшысы. 

Орманшылар дрондар мен бейнебақылауды пайдалана бастады

Облыстағы орманшылардың барлығы заманауи құрылғыларды қолдана бастаған. Мәселен, отырғызылған ағаштардың жерсінуін әрі өртке қарсы қауіпті 8 дронның көмегімен анықтайды. Орман шаруашылығы мекемелерін бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен 306 млн теңге қаражат бөлінген.

«Қазір мердігерлермен камераларды орнату нүктелерін келісудеміз. Облыс бойынша 15 камера қойылады. Оның сыртында Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауындағы 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырмасы бар. Алматы облысында кешенді жоспар қабылданды. Оған сәйкес 2430 гектарға ағаш көшеттерін отырғызу және тұқымын себу жұмыстарын жүргіземіз. Бұған 100 пайыз дайынбыз. Көшеттеріміз осы Жалағаш тәлімбағында өсуде, дайын. Күзгі сексеуіл тұқымын себу жұмыстарына да толық қаражат бөлінді. Әрине, бұдан бөлек мамандарға да жағдай жасалуда. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақылары 100 пайызға көбейді. Былтырдан бері орман өшіру станциялары мамандарының да айлығы 100 пайызға өсті. Орман саласына облыс әкімі тарапынан жақсы қолдау болып отыр», – дейді Қанат Нүсіпбаев.



Жалағашта 10 мың дана шренк шыршасы отырғызылды

Қанат Ақылұлының сапары Жалағаш орманшылығындағы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының бір бағыты – «Жасыл аймақ» аясында ағаш отырғызу шарасымен жалғасты. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков, Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садырова, аудан жастары Жалаңаш тәлімбағына Шренк шыршасының 10 мың көшетін, 1000 дана қарағай, 200 дана туя отырғызды.

«Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы мекеменің жұмыс бағытымен үндес.

«Сондықтан алғашқы күннен бастап, халық арасындағы экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсенді түрде тарту бағытындағы жұмыстарға белсене қатысып келеміз. Бұған дейін Жалағаш ауылындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша  С.Бейсембетұлы атындағы мектеп оқушыларының қатысуымен тұқымдарды контейнерлерге отырғызу арқылы көшет өсіру шарасы өткізіліп«Табиғатты аялау болашаққа жасаған қамқорлық» атты тақырыппен  құстар ұясы жасалып ілінді. Көгалдандыру плантациясына 10 000 шренк шыршасының көшеті, 1000 қарағай, 200 туя отырғызылды. Бүгінгі акция барысында да осы жұмыстар жалғасын тапты. «Бұлақ көрсең көзін аш», «Тұқым жинау», «Тұқымды себу, өсіру» акциялары жобалануда. Сонымен қатар Жалағаш ауылындағы тұқымбақта өсіріліп жатқан екпе көшеттерді күтіп баптау  акциялары өткіземіз деген жоспарымыз бар», – дейді мекеме директоры.

Кеген орман шаруашылығы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 кыркүйектегі   Жолдауындағы мемлекеттік орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасына да үлкен қосып отыр екен.  Былтыр мекеменің базалық және уақытша тұқымбағынан Бақанас, Нарынқол, Кеген аудандарына отырғызу үшін 325,5 мың шренк шыршасының 4 жылдық екпе көшеттері берілген.  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, бүкіл Қазақстандық ағаш егу күніне аудан, облысты 1000 түп әртүрлі топтағы  ағаш жіберген. Кеңес одағы кезінде іргетасы қаланып, одақ көлеміндегі ең ірі ағаш өсіру орталығының бірі болған Жалаңаштағы тәлімбақ қазір де аудан, облыс, тіпті көршілес Жетісу облысын да көшетпен қамтамасыз етіп отыр.

Мәселе де жоқ емес...

Аудан ғана емес облыстағы негізгі көшет беруші болғандықтан мекемеге қарасты тұрақты және уақытша тұқымбақтарға ерекше көңіл бөлінеді, соңғы уақытта 11 млн 950 мың тенге бөлініп, толығымен қоршалған. Алайда, мәселе де жоқ емес. 1994 жылы базалық тұқымбақтың су жүйесі жарамсыз болып қалған. Былтыр сумен жабдықтау үшін қайта құру және салу жұмыстарына 170 млн тенге бөлініпті. Алайда жауапсыз мердігердің әрекеті салдарынан су жүйелері жаңармай, тұқымбақ ескірген су жүйелерін пайдалануда.

Сонымен қатар орманшыларға 2 үй (кардон), патрульдік автокөліктер де жетіспейді екен. Мекеме техникамен 40 пайыз қамтылған, ал 60 пайызының тозығы жетіп тұр. 

Қарапайым еңбек адамы құрметтеледі

Жалпы, Кеген орман шаруашылығы мекемеге тиеселі 89941 гектар (оның орманды алқабы 27076 гектар) жерді қорғаумен қатар, орман ресурстарын өсіру, орманның  қорғаныш  желектерін  жасау, сондай-ақ орман тұқымбағын дамыту, орман қорындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғаумен айналысады.

Айболат Әскербекұлының айтуынша, бүгінде мекемеде 109 адам қызмет етеді. Орманшылар қызметтік үй, атпен, қыстық, жаздық нысанды киіммен қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары еңбекақы өскен, төккен тер, еткен еңбек те бағаланады. Президент айтқан қарапайым еңбек адамына көрсетілетін құрмет те бар. Соңғы жылдары мекеме қызметкерлерінің біреуі «Ерен Еңбегі» медалімен, екі маман «Еңбек сіңірген орман өсіруші», 25 маман І-ІІ-ІІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісіне ие болған. 

Ал 35 мекеме қызметкері облыс, аудан көлеміндегі «Жыл адамы», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы  және Алғыс хаты, облыстық басқарманың Құрмет грамотасы  және Алғыс хаты, Аудан әкімінің марапаттары мен Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталған. 

«Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі баласы бар жұмыскер қызметкерлерге жыл сайын отын, тас көмір , азық түлік, киім-кешек, ақшалай қаражат беріліп,  әлеуметтік көмек көрсетеміз», – дейді мекеме басшысы.

Басты міндеттің бірі – өртке қарсы дайындық

Орман саласындағы басты қауіптің бірі – өрт. Абай облысындағы алапат өрттен кейін барлық орман шаруашылығы мекемелері өртке қарсы материалдық техникалық базасын күшейтіп, сақадай-сай отыр. Біз барған кезде Кеген орман шаруашылығы мекемесі де дайындық жүргізуде екен.

Мекемеде 2025 жылға арналған жұмыс бағдарламасы мен аудан әкімінің 2025 жылғы 9 қаңтардағы «Аудандағы орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» №2 қаулысына сәйкес жедел іс-шараларды пысықтауда.

«Өртке қарсы дайындықты қыста бастаймыз. Аудан әкімінің орынбасары, Төтенше жағдайлар бөлімі, Кеген №7 өрт сөндіру бөлімі, Кеген аудандық аурухана, Ішкі істер бөлімі, Шекаралас орналасқан  Нарынқол, Көлсай МҰТП, Шелек, Шарын МҰТП,  Қарадала орман шаруашылығы басшыларымен  бірлескен жедел жоспарға қол қойылған. 15 ақпанға дейін ұзақ мерзімді орман пайдаланушыларға, шекаралас отырған шаруа қожалықтарға да ескерту таратып, келісім-шарт жасадық», – дейді мекеме басшысы.

Ағаш егу – басты міндет

 Басқа орман шаруашылығы мекемелері сынды Кеген орман шаруашылығының басты жұмыстарының бірі – орманды молықтыру. Биыл бұл бағытта кегендік орманшылар таулы аймақтағы 20 гектар жерге 80,0 мың дана шренк шыршасының екпе көшеттерін, 22 га 25,0 мың дана шренк шыршасының көшетін отырғызбақ. Көгалдандыру плантациясына 3,0 га жерге 30,0 мың дана шренк шыршасының көшеттері отырғызылып, 0,6 га жерге шренк шыршасының тұқымы себіледі. Дәл қазір 3,0 гектар жерде 2 млн 970 мың 600 екпе көшеттері күтіп бапталуда екен.

Ұқсас материалдар