Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға арналған жылдық 1 пайыздық ипотека бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік жобасы аясында жүзеге асады.
Бағдарламаға мұғалімдер, дәрігерлер, медбикелер, агрономдар, ветеринарлар, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының мамандары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары (әкімдер мен орынбасарларын қоспағанда) қатыса алады.
Бағдарлама артықшылықтары
- Үстеме жәрдемақы – 100 АЕК (шамамен 393 200 теңге);
- Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген несие – елді мекенге байланысты 2500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,83 млн теңге), 15 жыл мерзімге, жылдық 1% мөлшерлемемен;
- Мамандар бір мезгілде көтерме жәрдемақы мен несие ала алады, бірақ несие тек өз жұмыс істейтін ауылынан тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін беріледі.
Қатысу шарттары
- Соңғы екі жылда таңдаған ауылда тұрғын үй болмауы керек;
- Несие бойынша берешегі болмауы тиіс;
- Техникалық және кәсіптік, орта немесе жоғары білімі туралы дипломы болуы қажет;
- Несие алғаннан кейін мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеу міндетті.
Өтінім беру тәртібі
Бағдарламаға қатысқысы келетіндер ауылдағы бос жұмыс орындарын тауып немесе жергілікті әкімдікке жүгінуі қажет. Өтінімдер Отбасы банкінің Baspana Market платформасы арқылы онлайн қабылданады және құжаттарға ЭЦҚ арқылы қол қою мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы әзірленуде. Жоба Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асады және жеңілдетілген шарттар бойынша баспана алғысы келетін әйелдерді қолдауға бағытталған.





