Tesla компаниясының акционерлері бас директор Илон Маскке рекордтық көлемдегі – 1 триллион долларлық сыйақы төлеуге келісім берді.
Бұл шешім акционерлердің жыл сайынғы жиналысында дауыс беру арқылы қабылданды. Нәтижесінде қатысушылардың 75 пайыздан астамы бонус төлеуді қолдап дауыс берген.
Tesla директорлар кеңесі 2025 жылдың қыркүйегінде Маскке осындай көлемдегі сыйақы төлеу туралы ұсыныс жасаған болатын. Жоспар бойынша, кәсіпкер автокомпания акцияларының 25 пайызына иелік ету мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта Масктың қолында шамамен 13 пайыз акция бар.
Сыйақыны толық алу үшін Маск алдағы он жылда бірнеше маңызды мақсаттарды орындауы тиіс. Атап айтқанда, Tesla компаниясының нарықтық құнын кем дегенде 8,5 триллион долларға жеткізіп, робот-такси өндірісін жолға қою қажет. Компанияның басқарма мүшелері бұған дейін бұл шарттар орындалмаса, Маск ешқандай бонус алмайтынын мәлімдеген еді.
Дегенмен, бұл шешімге барлық акционерлер бірдей келіспеген. Мысалы, Норвегияның мемлекеттік әл-ауқат қоры, яғни Tesla акцияларының шамамен 1,2 пайызына иелік ететін ірі инвестор, ұсынысқа қарсы дауыс берді.
Соған қарамастан, әлемнің ең бай адамы саналатын Илон Маск компания басшылығы мен акционерлердің басым бөлігінің қолдауына ие болды. Енді ол алға қойылған мақсаттарға жетіп, Tesla-ны жаңа кезеңге шығаруға тиіс. Маск робот-такси өндірісін ғана емес, болашақта роботтар армиясын құруды да жоспарлап отыр.





