Қытай алдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті әртүрлі тараптар арасында үлкен консенсусқа қол жеткізуге және ұйымға мүше елдерде қауіпсіздік, тұрақтылық және дамуды қамтамасыз етуге белсенді үлес қосатынына, сондай-ақ, адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығын құруға жәрдемдесетініне сенімді. Бұл туралы бүгін Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мәлімдеді, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.
Астанада өтетін ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің 24-отырысына ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуына қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берген Мао Нин ШЫҰ құрылған сәттен бастап 23 жыл бойы оның мүше мемлекеттері әрдайым өзара сенім, өзара пайда, теңдік, өзара кеңес, мәдениеттердің әртүрлілігін құрметтеу, бірлескен даму ұмтылыстарымен сипатталатын «Шанхай рухын» ұстанғанын атап өтті.
«Ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайта отырып және көпжақты үйлестіруді жүзеге асыра отырып, олар ШЫҰ-ны қауіпсіздік қалқанына, ынтымақтастық көпіріне, достық байланыстарына және өңірдегі конструктивті күшке табысты айналдырып, осылайша жаңа халықаралық қатынастар мен өңірлік ынтымақтастықтың жаңа түрінің үлгісін көрсетті», деді Мао Нин.
Алдағы саммитті ШЫҰ шеңберіндегі биылғы ең маңызды оқиға деп атап өткен Мао Нин, саммит барысында Си Цзиньпин қатысушы елдердің басшыларымен әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасатынын және ШЫҰ-ның одан әрі дамуына арналған жоспарлар мен нақты ұсыныстарды қабылдайтынын айтты.
Астанадағы саммиттен кейін Қытай 2024-2025 жылдар аралығында ротациялық тәртіпте ШЫҰ-ға төрағалық ететін болады. Жеті жылдан кейін Қытай қайтадан ШЫҰ-ға төрағалық ету міндетін қабылдайды және Қытай тарапы бұған үлкен мән беріп, жан-жақты дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп мәлімдеді Мао Нин.
«Біз «Шанхай рухы» аясында барлық тараптармен бірге саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, ШЫҰ-ның жоғары сапалы дамуына және ШЫҰ-ның біртұтас тағдыры қауымдастығын құруға жәрдемдесуге, өңір халықтарына көбірек пайда әкелуге және бүкіл әлемде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен жалпы гүлденуге күш салуға дайынбыз», – деп атап өтті Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі.