Әлеуметтік сақтандыру: «Балалар жәрдемақысы» жүйені теңгерімсіздікке әкелді ме?

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қаржылық тұрақтылыққа қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді.
Негізгі себептердің қатарында балаларға төленетін жәрдемақылардың үлесі тым жоғары екені айтылды.
2018-2024 жылдары әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 3,5%-ға дейін төмендетілді.
2020 жылы пандемия кезінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 497 млрд теңге алынды.
Бала күтімі бойынша төлемдер мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды, бірақ қосымша қаржылық қамту қарастырылмады.
2021 жылдан бастап төлемдер мен түсімдер арасында кассалық алшақтық пайда болды.
Негізгі шығындар қандай?Әлеуметтік төлемдердің 82%-ы ана мен балаға арналған: жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты жәрдемақылар.
Алайда, соңғы жылдары «қулық схемалар» көбейген. Кейбір азаматтар жалған еңбек келісімшарттарын рәсімдеп, әлеуметтік аударымдарды «кері күнмен» төлеп, бірнеше миллион теңге көлемінде төлем алып отырған.
2024 жылы әлеуметтік төлемдер көлемі 958,3 млрд теңге болса, түсімдер 637,5 млрд теңгені ғана құрады. Нәтижесінде кассалық тапшылық 320 млрд теңгеге жетті. Актуарлық бағалауға сәйкес, жүйенің қаржылық тұрақтылығы 2028 жылға қарай бұзылуы мүмкін.
Қазірдің өзінде 170 мыңнан астам азамат ұзақмерзімді төлемдер алуда. 2050 жылға қарай олардың саны 700 мың адамға дейін жетеді деген болжам бар. Бұл жағдайда МӘСҚ шығындары мемлекет бюджетіне жүктелуі мүмкін.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесі қазірдің өзінде әділдік қағидатынан алшақтап барады. Егер өзгеріс енгізілмесе, бірнеше жылдан соң мемлекет міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерін қазына есебінен қаржыландыруға мәжбүр болуы ықтимал.