Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталуы ықтимал.
Еуропалық парламентте өткен халықаралық пікірталас алаңында тараптар саяси реформалар, экономикалық әріптестік және визалық режимді жеңілдету мәселелерін талқылады.
«Қазақстанның жаңа саяси жаңғыруы және Қазақстан – Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестігінің болашағы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге еуропалық саясаткерлер, дипломаттар, сарапшылар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріліп, елдің Еуропа мен Орталық Азия арасындағы маңызды көпірге айналып келе жатқаны атап өтілді.
Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі Роман Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру бағдарламасы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция негізінде қолға алынған реформалар демократиялық институттардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Еуропарламент депутаттары да Қазақстандағы өзгерістерге назар аударды. Франциялық депутат Тьерри Мариани елдің соңғы жылдары саяси және экономикалық жаңғыру жолында елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан бүгінде Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық және экономикалық серіктестерінің біріне айналған.
Пікірталас барысында көлік-логистика, энергетика, ғылым, білім беру және инновация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен сөз болды. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) маңызы мен Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын дамытудағы рөлі ерекше аталды.
Кездесудің басты нәтижелерінің бірі – Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақ елдеріне виза алу рәсімін жеңілдету жөніндегі келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілгені туралы мәлімдеме болды. Сонымен қатар Қазақстан мен ЕО арасындағы әуе қатынасы жөніндегі Горизонталды келісімге қол қою мәселесі де талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамдар адамдар арасындағы байланысты күшейтіп, туризм мен іскерлік қатынастардың дамуына серпін береді.
Жиын қорытындысында қатысушылар Қазақстандағы саяси реформалар мен институционалдық өзгерістер Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті тереңдетуге берік негіз қалыптастырып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ визалық режимді жеңілдету жөніндегі ықтимал келісім азаматтардың еркін қозғалысын арттырып, екі тарап арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуы мүмкін екені айтылды.





