Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер жолы салынады

Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер жолы салынады
Фото: Досжан Балабекұлы 

Алматы маңында әсем де көз тартар көрікті жерлер көп. Соның бірі, саяхатшылар көп баратын Алма-Арасан шатқалы мен Үлкен Алматы көлі. Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан көркем көл теңіз деңгейінен 2 550 метр биіктікте орналасқан. Мұнда жаяу туристердің келуіне жол қарастырылмаған еді. Енді биыл жаяу жүргіншілерге арналған жол салынбақ. 16 шақырымдық соқпақ жолдың 1,5 шақырымы биыл жылдың соңына дейін абаттандырылады. 


Қазіргі таңда Үлкен Алматы көліне баратын жол тастардың құлауы мен жолдың нашарлауына байланысты автокөліктер үшін уақытша жабық. Басты негізгі себеп жолдың техникалық қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі. 

Көлге жол қашан ашылады?
Алматы қонақтары мен саяхатшылар үшін бұл маңызды сұрақты біз Іле-Алатауы Ұлттық парк басшысына қойған едік. 
«Қазіргі уақытта Үлкен Алматы көліне автокөліктерді жіберуді арнайы бұйрықпен тоқтаттық. Өйткені, жол қауіпті. Ал, жаяу барамын деушілер үшін жол ашық, шектеу жоқ. Бұған дейін кейбір жерлерде жолдың дұрыс болмауына байланысты автокөлік апаты болды. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» мекемесі мен Алматы әкімдігі жолды балансына алып, болашақта жол жасау жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана жол ашылады. Сонымен қатар, біздің тараптан  жолға құлап кетуі мүмкін тастар мен жарларды бекіту және күшейту жұмыстарына қатысты жоспар жасалды.  Бұл жұмыстар алдағы екі жыл ішінде қолға алынады. Қазірдің өзінде барынша қауіпсіздік шаралары жасалып, тастар сырғитын жарларға сеткалар қойылуда», – деді Іле-Алатауы Ұлттық паркінің Бас директоры Елнұр Ахметов.

Оның айтуынша, осыған байланысты қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында жаяу жүргіншілердің саны артқан. 

Бұрын халықтың 10-15%-ы жаяу жүрсе, қазір 30-40%-ға жетті. Келушілер шыңдарға шығып, сайларымызды көріп, туризмді дамытып жатыр. Соған байланысты BI Group компаниясымен бірге атқарып жатқан үлкен жобаларымыз бар. Ол «Бақыт соқпақтары» жобасы. Жоба аясында жаңартылған жаяу жүргіншілерге арналған тау маршруты ашылды: ол Проходное шатқалы арқылы Терра алаңына дейін, әрі қарай 3330 метр биіктікте орналасқан Космостанцияға (Алёшкин көпірі арқылы) дейін созылып жатыр. Бұл бағыт қала тұрғындары мен туристер арасында кеңінен танымал және жаяу серуендеуге өте қолайлы маршрут. Сонымен қатар, жуырда Қазақстандағы ең биік аспалы көпір ашылды. Бұдан өзге  таулы аймақтардағы жаңа бағыттар көркейтіліп, демалысқа арналған күркелер, навигациялық ақпараттық тақталар, санитарлық тораптар мен шолу алаңдары орнатылуда. Сондай-ақ компания халықаралық стандарттарға сай су мен электр қуатын қажет етпейтін экодәретханалар орнатуды жоспарлап отыр. Атап өтетін жаңалық, тұңғыш рет GPS  онлайн карта қосымшасы жасалынады. Бұл туристердің тауда адасып кетпеуі үшін жасалатын маңызды қосымша болмақ. 
«Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасымен де үлкен жобаларды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Алматы облысының әкімдігінің жергілікті бюджеттен бөлген қаражатымен Түрген, Қаскелең, Аламарасан, Бұтақты шатқалдарын жасау жұмыстары атқарылды. Туристерді қуантатын тағы бір ерекше жаңалығымыз бар. Алғаш рет Алмарасан шатқалында Аюсай визит-орталығына барар жолда жалаң аяқ жүруге арналған соқпақ жол салынады. Қала балалары енді, жалаң аяқ сол құм мен тасты соқпақтармен жүре алатын болады. Аюсайда сонымен қатар, балалардың саф ауамен тыныстап, еркін ойнауына мүмкіндік беретін жаттығу алаңы да бой көтереді», – деп атап өтті Ұлттық парк директоры Елнұр Ахметов.

Айта кетейік, Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде жалпы 46 туристік маршрут бар.

Ұқсас материалдар