Министрліктің хабарлауынша құжат өндірушілер үшін бірыңғай ережелерді қалыптастырып, отандық өнімдердің жалпы сапасын арттыруға және елдегі органикалық егіншілік экожүйесін дамытуға негізгі бағыт-бағдар береді.
Жаңа стандарт аясында мал шаруашылығы қалдықтарын, атап айтқанда мал қиын, құс саңғырығын, компосттарды, биогумусты және өзге де шикізат түрлерін өнеркәсіптік қайта өңдеу процестері жүйелі түрде регламенттелді.
Құжатта биогаз қондырғыларынан алынатын дигестатты қайта өңдеуге ерекше көңіл бөлініп, аэробты және вермикомпосттау, метантенктердегі анаэробты ферменттеу, сондай-ақ кептіру және түйіршіктеу процестері үшін нақты технологиялық нормалар бекітілді. Бұл отандық кәсіпорындарға өндірістік қуаттарды тиімді пайдаланып, халықаралық талаптарға сай жоғары сапалы тыңайтқыштар шығаруға мүмкіндік береді.
Өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында стандартта қатаң ветеринариялық-санитариялық көрсеткіштер қарастырылған. Дайын органикалық тыңайтқыштарда патогенді микрофлораның, соның ішінде сальмонеллалардың және гельминт жұмыртқаларының болуына толықтай тыйым салынады.
Сонымен қатар, қорғасын, кадмий, сынап және күшәла сияқты ауыр металдардың шекті рұқсат етілген концентрациялары мен өнімнің радиациялық фонына қойылатын талаптар гигиеналық нормативтерге сәйкестендірілді.
Белгіленген гигиеналық нормативтерден аспайтын өнімнің табиғи және жасанды радиациялық фоны да нормаланады. Құжат өндірістік алаңдарды, биореакторларды, вентиляция жүйелерін жабдықтауға және қоршаған ортаның ластануын болдырмауға қойылатын талаптарды егжей-тегжейлі түсіндіреді. Бұдан бөлек, стандарт тыңайтқыштарды өлшеп-орау, таңбалау, тасымалдау және сақтау тәртібін айқындайды.





