Атырау облысында 2 млрд теңгеге жаңа мектеп салынады.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында жаңа мектеп салынады. 150 орындық мектептің құрылысына қор қаражаты есебінен 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды.
Қазір ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушылар 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан мектеп-интернатта оқуға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елдімекендерге қатынап оқиды.
Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады.
Бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салу, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.