
МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерін біртіндеп арттыру ескерілген.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, өңірлер бойынша ақпараттық жүйелерде сақтандыру мәртебесін алуға құқығы бар және медициналық қызметтер алған адамдардың тізімін қалыптастырып, жарна төлеуді қамтамасыз ету жолдарын пысықтады. Осы орайда «Д» және «Е» санаттары үшін жергілікті атқарушы органдардың есептеуінің бірыңғай объектісіне тоқталып өтейін. Өңірлерде орташа айлық жалақы деңгейінің айтарлықтай айырмашылығы бар. Мысалы, 2023 жылы Атырау облысы бойынша орташа айлық жалақы мөлшері 557 736 теңгені құраса, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 237 538 теңгені құрады. Бірыңғай республикалық орташа айлық жалақы мөлшерін қолдану нақты көріністің бұрмалауына әкеледі деп есептейміз. Бұл жалақысы төмен өңірлерде жергілікті бюджеттердің артық міндеттемелеріне, ал экономикасы жоғары деңгейдегі өңірлерде төмен жүктемеге әкелуі мүмкін. Осы жағдай қаржылық жүктемені бөлудің объективтілігі мен тепе-теңдік қағидаттарын бұзады. Осыған байланысты өңірлік орташа айлық жалақыны пайдалану әдісі жергілікті халықтың өмір сүру және табыс деңгейін дәлірек ескеруге мүмкіндік береді», – деді А. Әлназарова.
Оның айтуынша, 2027 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттің МӘМС-ке жарналарының мөлшерлемелерін біртіндеп арттыру көзделген. Осылайша, 2015 жылғы МӘМС туралы заңының бірінші редакциясында қарастырылған бастапқы қаржылық үлгіге ішінара қайта оралу ұсынылады. Бүгін Мәжілісте қаралып отырған заң жобасында мемлекеттік жарналардың мөлшерлемелерін 2027 жылдан бастап 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен 3 пайызға (әр екі жыл сайын 0,5%-дан) арттыру көзделген, яғни 2 пайыздан 5 пайызға дейін. Қосымша жинақталған қаражат денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын МӘМС жүйесі арқылы белгілі бір деңгейде қаржыландыруды қамтамасыз етеді.