Шымкент. 25 қыркүйек. 7 kun.kz — ОҚО-да өзбекстандық инвесторлар тұрмыстық газ плитасын құрастыратын цехты іске қосты. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жылына 50 мың дана газ плитасын құрастыруға қауқарлы жобаның құны – 102 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылған.
«Artel Manufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматов газ плиталарының бағасы қазіргі нарықтағыдан төмен болатындығын айтады.
«Әзірге біз жеке қаржымызға қондырғыларды сатып алып, орнатып шықтық. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Шығарылған өнімді ішкі нарыққа саудалауды жоспарлап отырмыз. Біздің зауытта дайындалған газ плиталарының сапасы шетелдік өнімнен еш кем болмайды»,- деді ол.
Сонымен қатар облыс әкімі жаңа кәсіпорынға жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған көмектердің тиімділігін айтты.
«Қазақстан мен Өзбекстанның байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Елбасымыз Н. Назарбаев Ташкентке ресми сапармен барып, бірқатар жаңа келісімдерге қол жеткізді. Көрші елдің үш облысымен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойдық. Жылы қарым-қатынастың алғашқы жетістіктері де көріне бастады. Облыс экономикасына жаңа серпін беретін индустриалды-инновациялық жобаларға қаржы салушы инвесторларды қашанда қолдауға дайынбыз. Ең бастысы – ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие, өнім өндіретін кәсіпорындардың қатарын көбейтуіміз керек» , - деді Жансейіт Түймебаев.
Айгүл Хожантаева
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024