
– Перизат Қайратты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігі негізінде бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деді Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов.
Перизат Қайрат жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Одан әрі судья сотталушының анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарды.
– Анасын Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалсын. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен Ғайни Алашбаеваға түпкілікті жаза ретінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын, – деді судья.
Перизат Қайраттың анасы да жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді. Айта кетсек, прокурор Перизат Қайратты 10 жыл, анасын 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Еске салайық, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан жауап алу жабық режимде өтті.