
Мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, ал анасына 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурордың сөзінше, Қайраттың жазасын жеңілдететін ешқандай жағдай жоқ.
Прокурор Арман Қызыкен соттағы жарыссөзде Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Ғайни Алашбаеваға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беруді талап етті. Ол Перизат Қайраттың ірі көлемдегі алаяқтықты елдегі төтенше жағдай режимі кезінде жасағанын, бұл оның қылмысын ауырлататын фактор екенін атап өтті.
Екінші прокурор Мадина Оразалинаның айтуынша, тергеу барысында 2021-2024 жылдар аралығында Перизат Қайрат анасымен бірге "Biz Birgemiz Kazakhstan 2030" қорының атын пайдаланып, шамамен 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинаған. Бұл қаржы су тасқынынан зардап шеккендерге, ауыр науқасқа шалдыққан балаларға және Палестина халқына көмек көрсетуге бағытталуы тиіс болған.
Дегенмен, айыптаушы тараптың мәліметінше, ақшаның көп бөлігі жеке қажеттіліктерге жұмсалған: қымбат көліктер, сәнді жылжымайтын мүлік, дизайнерлік киімдер, әшекейлер және бес жұлдызды қонақүйлерде демалу.
Прокурор аталған қылмыстық әрекетті заңды қызмет ретінде көрсетуге мүмкіндік берген схеманың негізгі элементтерін тізіп көрсетті:
- "BizBirgemiz" секілді танымал ұранмен "қайырымдылық" ұйымын тіркеу;
- Қаржы жинау үшін көмекке мұқтаж жандарды табу;
- Жұрттың назарын аударатын іс-шаралар мен аукциондар ұйымдастыру;
- Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы қайырымдылықтың белсенді бейнесін қалыптастыру;
- Қаражаттың бір бөлігін шынымен мұқтаж адамдарға беру арқылы осы "бейнені заңдастыру".
Перизат Қайрат пен оның анасына Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды, олардың ішінде:
- Аса ірі көлемдегі алаяқтық (ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы);
- Қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру (ҚК 218-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы және 3-бөлігі, 3-тармағы).
Сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Перизат Қайрат жиналған қаражаттың көмекке жұмсалғанын айтса, анасы қаржылық операцияларға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.