Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz – 2019 жылдың алғашқы айында Қазақстан 691,8 мың тонна бидай мен зәйтүн экспорттады. Бұл өткен жылдың алғашқы айымен салыстырғанда 35,1%-ке артық. Экспорт көлемі ақшалай 116,7 млн долларды құрады (бір жылда +52,5%), - деп хабарлайды energyprom.kz.
Қазақстандық бидайды сатып алу көлемі бойынша Өзбекстан (43,5 млн доллар, жылына 63%), Тәжікстан (21,3 млн доллар, бір жылда 2,1 есе өскен) және Әзірбайжан (14,5 млн доллар, бір жылда бірден 5,1 есе артты) елдері көш бастап тұр. Ал, әлемнің басқа елдері арасында ең ірі импортерлер – Ауғанстан (6,3 млн доллар), Түркия (2,6 млн доллар) және Италия (2,1 млн долларды құрады, -70,3%).
ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қытайға бидай жеткізу көлемін 1 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, қаңтар айында Қазақстан Иранмен бидай жөніндегі меморандумға қол қойғанын атап өтті.
2019 жылғы қаңтарда ТМД елдері үшін қазақстандық бидайдың экспорттық бағасы 32,7%-ке, әлемнің басқа елдері үшін 7,6%-ке өсті. Жалпы, осы жылдың алғашқы айының қорытындысы бойынша бидайдың экспорттық бағасы 24,6%-ке қымбаттаған.
2018 жылғы қаңтар–желтоқсан айларында ТМД елдері үшін қазақстандық бидай бағасы 5,2%-ке өсті, қалған елдер үшін керісінше 0,9%-ке арзандады. Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша бидайдың экспорттық бағасы 3,2%-ке өскен.
АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің наурыздағы шолуында Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарында 2018-2019 жылдары бидай өндіру болжамын 7%-ке, яғни 15 млн-нан 13,95 млн тоннаға дейін төмендетті.
2018 жылы бидайдың жалпы түсімі 2017 жылмен салыстырғанда 5,8%-ке төмендеп, 13,9 млн тоннаны құрады. Сондай-ақ 2017 жылы да аталған дәнді дақылдың жалпы түсімі 1,2%-ке азайып, көлемі 14,8 млн тоннаға дейін кеміген болатын.
2018 жылы өнімділік гектарына 12,3 центнерді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9%-ке кем. Сонымен қатар, аграршылар жыл сайын бидай сапасының нашарлап бара жатқанын атап өтті. Себебі - маусымдық ауа райының ерекшеліктері: суық көктем, жаздың тым ылғалды болуы, астықты кеш жинау және т. б.