Нұр-Сұлтан. 20 шілде. 7kun.kz – Қазақстанда несие портфелін 90-шы жылдардағы реттелмеген несиелер кезіндегі уақыты өткен қарыздардан тазалау көзделіп отыр. Елдің Бюджет кодексіне «Өндіріп алуға үміт жоқ қарыз» атты ұғым енгізіп, ол бойынша қарыз алғандарға қойылатын талапты жою ұсынылды, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Қарызы бар адамдардың заңды мәртебесі туралы қандай да бір ақпарат жойылған. Әділет министрлігінің базасында да мәлімет жоқ. Осыған байланысты, қарыздарды өндіріп алу бойынша одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ, қарызды қазіргі бюджет заңнамасы бойынша да өндіріп алу мүмкін емес», – делінген ашық НҚА порталында.
Бұл халыққа берілген несие емес (жеке тұлғаға емес), 90-шы жылдары мемлекет тікелей бизнеске берген бюджеттік несие туралы айтылған. Яғни, ҚР әкімдіктері мен үкіметінің кепілдігімен берілген директивалық несиелер, меншікті айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер және басқа да несиелер жайлы айтылған.
«Қазір нақты бір соманы айту мүмкін емес, өйткені, қарыз алғандарды және растайтын құжаттарды іздеп жатырмыз. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша реттелмеген қарыз көлемі 120 миллиард теңге болған», – деп хабарлады Қаржы министрлігінде.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл процесті жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы қажет емес. Талапты тоқтатуға негіз болатын құжат әлі заң бойынша көрсетілмеген.