
Гарнизонда болған оқиғаның мән-жайын ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі өкілдері айтып берді.
Қайғылы жағдай 14 қаңтарда тіркелген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауынгерлік дайындық бойынша далалық оқу-жаттығу кезінде болып, Қ. есімді сарбаздың қарумен жұмыс істеу ережесін бұзуынан туындаған. Жауынгердің қайтыс болуына оқ жарақаты себеп болған.
– Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – дейді ҚР Құрлық әскерлері баспасөз қызметі.
Оқиға орнында Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір сарбаз өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
– Қызмет барысында сарбаз өзін оң жағынан көрсетті. Әскери бөлім қолбасшылығына қандай да бір арыз, шағым айтқан емес. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындады. Ата-ана мен туған-туысқандардың қайғысын, әрине жақсы түсінеміз, олардың қайғысына ортақпыз. Әр командир үшін де жауынгердің қазасы – қайғы, – деп жазылған хабарламада.