Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Shell Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жаңатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен «Shell» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті Сюзанн Куган қол қойды. Келісімшарт мерзімі 2032 жылға дейін белгіленген.
Жобаның мақсаты – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, көмірсутек қорын ұлғайту. Аумағы 1 377 шаршы шақырымды қамтитын учаскеде 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, терең барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Жоба аясында «Shell» компаниясы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 млн теңге бөледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт қолданыста.





