Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Әскерилер 6 жылда баспанамен қамтыла ма?

Әскерилер 6 жылда баспанамен қамтыла ма?

Соңғы кезде әлеуметтік сала қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Елімізде жүзеге асып жатқан «Қолжетімді баспана – 2020», «Өз үйім», «Жас отбасы», «Нұрлы жер» бағ­дарламалары бар. Мемлекеттік бағ­дар­ламамен үй алу үшін көпбалалы аналарға, бюд­жеттік мекеме және мемлекеттік қыз­мет­керлерге, жетім балаларға, әлеуметтік аз қам­тамасыз етілген отбасыларға, әскери қыз­мет­кер­лерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Елдің қорғаны армияның әлеуметтік мәселесі де әр­дайым басты назарда. 2018 жылдан бастап 60 мың әскери азамат баспаналы болмақ. Тұрғын үй кезегіне тұрудың тәртібі табысы күнкөрісінен артылмайтын, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген азаматтар, бюджеттік мекеме және мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуына мүмкіндігі бар. Үй алу үшін ХҚКО-да бекітілген өткізетін құжаттарды жинап, тұрғын үй департаментіне өткізуі керек. Өз атында қандай да бір жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Егер мемлекеттен тегін үй аламын деп әдейі сатса, үй алуға құжаттарын тапсыра алмайды. Сонымен қатар қалада тіркеуде тұрып, облыс аумағында үйі, жері болса, өтініші қабылданбайды. Өзімен қатар отбасы мүшелерінің де мүлкі болмауы шарт. Бұған дейін әскери қызмет атқарып жүріп, мерт болған азаматтардың отбасына үй бері­ле­тін. Әскери салада жүріп мүгедек болып қал­­ған жағдайда баспананың нарықтағы құнына теңестірілген өтемақы төленетін. Жыл соңында «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң бекітілсе, жаңа жылдан бастап әскери азаматтарға баспанаға қол жеткізу жеңілдейді. Қазіргі қолданыстағы заңның олқы тұс­тары толықтырылса, жаңа заңның артық­шылығы көп болмақ.

Жақында 1 мың әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген несиеге ие болды. Оларға берілген несиенің жалпы сомасы – 16 млрд теңге. Биыл ғана іске қосылған «Әскери өнім» арнайы бағдарламасы аясында жылдық 6-8 пайызбен үй сатып алуға несие берілді. Әскери қызметшілерді қолдайтын алғашқы несие 2018 жылдың 5 қыркүйегінде рәсімделді. Банк ұсынып отырған жеңілдетілген несиенің үш түрі бар. Ал шарттары үміткердің жинаған қаражатының көлемі мен таңдап алған пәтеріне байланысты анықталады. Жалпы, әскери сала мамандары қызмет бабымен көшіп-қонып жүреді. Сол себептен де олардың тарапынан қайталама нарықтан баспана сатып алуға сұраныс көп. Жылдық 8 пайыздық несиеге қол жеткізу үшін бастапқы жарнаны 20 пайыз құю қажет. Қазіргі кезде осы бағытта банк 427 несие рәсімдеп үлгерген.. Ескеретін жайт, тұрғын үй құнының 30 пайызын алдын ала төлем жасайсыз. Қарыз 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Алматы мен Астанада несиенің ең үлкен көлемі – 20 млн теңге, облыстарда – 15 млн теңге. Банк ешқандай комиссия алмайды.

Сондай-ақ, әскери қызметкерлер 5 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнамен берілетін несиенің тиімді екенін айтады. Мұнда әскери қызметші тек жаңадан салынған немесе салынып жатқан үйді таңдай алады. Жылдық мөлшерлеме – 7 пайыз. Бұл мүмкіндікті 338 адам пайдаланған. Ал алғашқы жарна үй бағасының 20 пайызы, жылдық мөлшерлеме 6 пайыз құрайтын үшінші бағытта 32 несие берілген. Бұған қоса, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін қайта қаржыландыру үшін 218 несие ресімделгенін айта кеткен жөн. Бір айта кетерлігі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жалпы сомасы 10,5 млрд теңге көлеміндегі тағы 700 өтініш қарастырылуда. Яғни, жыл соңына дейін 6 мың әскери қызметшіге несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді. Осы жылы пулға өте алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында ақша жинауды ары қарай жалғастыра алады. Бұл үшін банк барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасап отыр. Ең бастысы, әскери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды, оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ, бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3 пайызға дейін артады.

«Демек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу кезінде төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген анализі қолданылады. Яғни бағалау барысында отбасыға кететін шығындар мен басқа екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері ескерілмейді», – деп түсіндірді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Айта кету керек, жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңіне қатысуға 13 мың әскери қызметші ниет білдірді. Ал іріктеліп алынғандар – ең көп ұпай жинаған қатысушылар. Ескеретін жайт, ұпай санына әуелі үміткердің әскери қызметтегі еңбек өтілі ықпал етеді.

Қазақстанда шамамен 70 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады екен. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешетініне сенім білдірді. Шын мәнінде, әскери сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету қандай деңгейде?

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, полковник Асқар Досбосынұлы Мұстабековтің айтуынша, соңғы кезде әскери сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай жағдай жасалып жатқаны белгілі. «Әлемде экономикалық дағдарыс болып жатса да, мемлекет әскери қызметкерлердің әлеуетін көтеруді қолға алды. Былтыр жалақымыз 25 пайызға өсті. Баспанасы жоқ әскери қызметкер пәтер жалдап тұрса, ақшасы мемлекет тарапынан төленеді. Мұнымен қоса, әскери қызметкерге және отбасы мүшелерінің санына қарай есепшотқа ақша бөлініп тұрады. Ол жинақталған қаржыға қалаған жерінен баспана ала алады немесе жер алып, үй салуына болады. Нәтижесінде әр әскери қызметкер өзінің жеке баспанасына қол жеткізеді», – деді  полковник.

Қорғаныс министрінің орын­ба­сары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, зейнет­тегі әскерилердің көшіп кетуге жеке баспанасы болмағандықтан, әлі күн­ге жабық және оқ­шау­ланған әскери қала­шықтардағы қызметтік пә­терде тұруға мәж­бүр. Әскери зей­неткер­лер­дің тағы бір бөлігі еш­­қан­дай баспана беріл­мес­тен, қызметтен шы­­ғарылған. Бұдан былай осындай кем-кетіктерді то­лықтыру және бюджет қаржысын үнемдеу үшін жаңа заң бойынша әскерилердің тұр­мыстық мәселесі оң шешіледі. Мәселен, І санаттағы әскерилердің ай сайынғы өтемақысын төлеу үшін, жыл сайын республикалық бюджеттен 47 млрд теңге бө­ліне­ді екен. Енді жаңа құжат бойынша пәтер жал­дауға берілетін осы өтемақы тұрғын үй тө­лемдеріне ауыстырылмақ. Қорғаныс ми­нистрінің орынбасары Талғат Мұхтаров: «Бұған дейін баспана жалдауға төленетін ақша әскери қызметкердің жеке есепшотына салы­на­тын. Оны басқа да әлеуметтік мұқтажына жұмсап қоятыны анық. Сондықтан жаңа заң бойынша әскериге бөлінген қаржыны банкке жібереміз. Банк сол қаржыны арнайы есеп­шотта сақтайды. Ай сайын беріліп отыратын қаржыға әскери қызметкер өзі қалаған үйді таңдап, алғашқы жарнасыз қоныстанады. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 13 млрд 600 млн теңге бөлінген» , - деді.

Демек, мемлекеттің қаржысы тиімді жұм­салады. Зейнетке шыққан кезде «баспа­насыз қаламын» деген қауіп болмайды. 2018 жыл­дан бастап 11 мың әскери қызметкерді, ал­дағы 15 жылда 60 мың әскери азаматты бас­панамен қамту көзделді. Жаңа жобалық бағдарлама бойынша биылдың өзінде 4 мыңдай әскери қыз­меткер баспанаға қол жеткізеді.

Похожие материалы