Қаржы мониторингі агенттігі Шығыс Қазақстан облысында 356 млн теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық топтың қызметін әшкереледі.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер Усть-Каменогорск инерт компаниясы атынан ауыр техникалардың қосалқы бөлшектері жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімдеп отырған.
Алайда іс жүзінде ешқандай тауар жеткізілмеген. Жалған шот-фактуралар кәсіпкерлерге салықтан заңсыз жалтаруға мүмкіндік берген.
Аталған схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол салықтық тексерулерден кедергісіз өту үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.
Ведомствоның мәліметінше, нәтижесінде 356 млн теңге заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылып, мемлекетке 91 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.
Сот шешімімен күдіктілерге тиесілі үш пәтер мен бір автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.





