Еуразиядағы тау экожүйелерін сақтау мәселелері халықаралық конференцияда талқыланды
Фото: Досжан Балабекұлы
Бүгін Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау курортында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына арналған «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Екі күнге созылатын жиын барысында ғалымдар, экологтар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері биоалуантүрлілікті сақтау, таулы аумақтарды тұрақты дамыту және экологиялық туризм мәселелерін талқылауда.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Конференция табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруі жағдайындағы тау экожүйелерінің тұрақтылығы және экотуризмді дамыту мәселелерін талқылайтын халықаралық деңгейдегі маңызды алаңға айналды.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, табиғат қорғау ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуда. Қонақтар қатарында Қазақстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген делегациялар бар.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1996 жылы құрылған. Бүгінде оның аумағы 200 мың гектардан асады. Бұл оны Қазақстандағы ең ірі әрі маңызды ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың біріне айналдырып отыр.
Отыз жыл ішінде ұлттық парк аумағында орман қорын қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде 5 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Табиғат қорғау шараларының нәтижесінде қар барысы, қоңыр аю, тас сусары және бүркіт секілді сирек кездесетін жануарлардың саны тұрақты түрде артып келеді..jpeg)
Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов соңғы 30 жылда ұлттық парк Еуразиядағы бірегей тау экожүйелерін сақтаудың маңызды орталығына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі конференция мемлекет, ғылым, қоғам және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіретін маңызды алаң болып табылады.
Елнұр Ахметов ұлттық парктің жетістіктері мемлекеттік инспекторлардың, орманшылардың, ғалымдардың, мамандардың және табиғат жанашырларының күнделікті еңбегінің нәтижесі екенін айтты. Сонымен қатар биоалуантүрлілікті сақтау, тау экожүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, климаттық өзгерістерге бейімделу және экотуризмді дамыту болашақ ұрпақтың игілігімен тікелей байланысты міндеттер екенін атап өтті.
.jpeg)
Конференция аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – «Болашақ ұрпаққа мұра» уақыт капсуласын салтанатты түрде орналастыру рәсімі болды. Капсулаға болашақ ұрпаққа арналған үндеу, естелік фотосуреттер мен мерейтойлық материалдар салынды. Үндеуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, Іле-Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметов және Oi-Qaragai тау курортының өкілі Дмитрий Матяс қол қойды. Уақыт капсуласын 2046 жылы ашу жоспарланып отыр.
.jpeg)
Конференцияның салтанатты ашылуы аясында ұлттық парк пен табиғат қорғау саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің ведомстволық марапаттары көпжылдық еңбегі және биоалуантүрлілікті сақтауға қосқан үлесі үшін табысталды.
Конференция қатысушыларын Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы да құттықтады. Ұйымның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Ваверня арнайы бейнеүндеу жолдады. Сонымен қатар пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сабит Байзақов баяндама жасады.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Үлкен Алматы шыңымен ұйымдастырылған тікелей телемост тудырды. Ұлттық парк инспекторлары Тимур Темірханов, Мәжит Эфендиев, Тілеулес Жанабаев, Кенже Жазылбек және Алексей Аристов теңіз деңгейінен шамамен 3680 метр биіктіктегі шыңға көтеріліп, ұлттық парктің 30 жылдығына арналған мерейтойлық туды орнатты.
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушыларға Іле-Алатауы ұлттық паркінің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Перспективалы жобалар қатарында Қаскелең және Үлкен Алматы шатқалдарында визит-орталықтар салу, «Жоғарғы Талғар» туристік орталығын дамыту, Turgen Alpine Village экокешенін, Ak-Bulak Lodge Park отбасылық демалыс орталығын, Tengri экопаркін және көшпенділер этноауылын құру жобалары бар. Бұл бастамалар инвестиция тартуға, жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық парк басшысы Елнұр Ахметов Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің тау бағыттарын абаттандыру және қауіпсіз туристік инфрақұрылым қалыптастыру ісіне қосқан үлесін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстар өркениетті экотуризмді дамытуға және келушілер арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы төрт тақырыптық секциядан тұрады. Онда ғалымдар мен сарапшылар таулы аумақтардың флоралық әртүрлілігін сақтау, сирек және қоныс аударатын жануарларды қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы туризмді тұрақты дамыту және климаттық өзгерістер жағдайындағы тау экожүйелерінің тұрақтылығы мәселелерін талқылауда. Сондай-ақ Сиверс алмасын сақтау, қар барысын зерттеу, рекреациялық жүктемені бағалау және ұлттық парктердегі ғылыми зерттеулерге ерекше назар аударылуда.
30 жыл ішінде Іле-Алатауы ұлттық паркінде 47 туристік маршрут абаттандырылып, 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соңғы жылдары келушілер саны да тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Ертең, 19 маусым күні, мерейтойлық іс-шаралар ұлттық парктің Түрген филиалындағы Кузнецов шатқалында жалғасады. Бағдарлама аясында академик Аймақ Жаңғалиевтің ғылыми мұрасына арналған мемориалдық-ақпараттық орталық ашылады. Сонымен қатар әлемге танылған мәдени алма сорттарының жабайы арғы тегі саналатын Сиверс алмасының ғылыми-танымдық соқпағы пайдалануға беріледі.





