Солтүстік Қазақстанда заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысып, ірі көлемде табыс тапты деген күдікке ілінген азаматқа қатысты тергеу аяқталды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2013 жылдан 2025 жылға дейін күдікті тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігі арқылы пайызға қарыз беріп келген. Мәмілелер заңды көрінуі үшін келісімшарттарда нақты берілген сомадан әлдеқайда жоғары сома көрсетіліп, оған алдын ала есептелген сыйақы қосылған. Ай сайынғы пайыздық мөлшерлеме қарыз сомасының 5-10 пайызына дейін жеткен, бұл жылдық есеппен 60-120 пайызды құрайды.
Сонымен қатар қарызды жасыру әрі оның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату жөнінде жалған келісімшарттар жасалған. Тергеу мәліметінше, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 1,8 млрд теңгеден асқан.
Күдіктінің әрекетінен бірқатар азамат зардап шеккен. Қаржылай көмекке мұқтаж болған олар жоғары пайыздық талаптарға және мүлкінен айырылып қалу қаупіне тап болған. Тергеу барысында күдіктінің қарыз алушыларға жүйелі түрде қысым көрсетіп, күш қолданғаны да анықталған.
Бұдан бөлек, ол сот процестерін бастамалап, 11 млн теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжаттарды пайдалану арқылы екі рет өндіріп алған. Міндеттеменің іс жүзінде орындалғаны жөніндегі мәліметтер сотқа әдейі ұсынылмағаны белгілі болды.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде екі пәтер, екі тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ «Land Rover Range Rover» және «Hyundai Staria» автокөліктері бар.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Іс бойынша өзге мәліметтер заң талаптарына сәйкес жария етілмейді.





