Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Solva» мен «KMF» келер жылы банкке айнала ма?

«Solva» мен «KMF» келер жылы банкке айнала ма?

«Solva» және «KMF» микроқаржы ұйымдары 2025 жылы банкке айналуы мүмкін.  Бұл туралы Қаржыгерлер конгресінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысы Мадина Әбілқасымова айтты. 

Агенттік төрағасының айтуынша микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) Solva және KMF-тің құжаттары қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде қаралуда. Қарау процесі құжат тапсырылған сәттен бастап екі айға созылады. 

«Қазіргі таңда олардың (Solva мен KMF) құжаттары бізде қаралып жатыр. Егер барлық құжат, бизнес-жоспар, капитал секілді негізгі талаптарға сай болса,   тиісті рұқсат алады», – деді Мадина Әбілқасымова.

Ол реттеуші органның «бұл құжаттарды қарауға екі ай уақыты бар» екенін нақтылады.

«Бәрі құжаттарды қарау нәтижесіне байланысты. Рұқсат берілуі де, бас тартуымыз да мүмкін. Мұндай кезде олар құжаттарын жетілдіріп, қайта тапсырады. Бұл стандартты процедура», – деп түсіндірді Агенттік төрағасы. 

Демек, келесі жылдың қаңтарында тек құжаттарды қарау нәтижелері күтіледі, ал МҚҰ-ның банкке айналу мерзімдері туралы нақты ақпарат әзірге жоқ.

Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылғы маусымда BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы коммерциялық банкке айналуға рұқсат алған болатын, ал банк лицензиясын 2025 жылы алуды күтіп отыр.   

Ұқсас материалдар