Ақмола облысында су тасқынына қарсы шараларға бөлінген 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін сотталған шенеуніктерге қатысты апелляциялық үкім өз күшінде қалды.
Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
2025 жылдың 7 қарашасында облыстық соттың апелляциялық алқасы Атбасар ауданы әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы мен екі мердігер басшыларына қатысты айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданындағы су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру мақсатында екі 100 пәтерлі үй салуға бөлінген болатын. Істі Ақмола облысы арнайы прокурорлары тергеген.
Ұрлықты ұйымдастырған А.Ж. Серікбаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2)-тармағы (талан-таражға салу) бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Мердігер ұйымның директоры Р.О. Орлов ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2)-тармағы және 218-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленіп, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығы жойылды.
Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің бастығы С.Т. Қаранағаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2)-тармағы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жыл 6 айға нақты бас бостандығынан айырылды.
Прокуратура атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қатысты сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жатпайды.
Бұл іс – Ақмола облысындағы бюджет қаражатының ұтымсыз және заңсыз пайдаланылуына қарсы жүргізілген күрделі тергеу шараларының нәтижесі болып отыр.





