Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Талғат Қуанышев ресми түрде ForteBank басқарма төрағасы болып тағайындалды

Талғат Қуанышев ресми түрде ForteBank басқарма төрағасы болып тағайындалды
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 6 желтоқсан күні Талғат Қуанышевті «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы — басқарма мүшесі лауазымына бекітті. Бұл ақпарат сол күні агенттіктің  сайтында жарияланды.

Қуанышевтің ForteBank-ті басқаратыны туралы ақпарат 1 қарашада қаржы институтының баспасөз қызметі таратқан хабарламадан белгілі болған еді. Бұған дейін ол банк директорлар кеңесінің мүшесі болған.

Талғат Қуанышевтің Қазақстан Республикасының қаржы секторында, соның ішінде M&A мәмілелерін жүзеге асыру саласында 30 жылдық тәжірибесі бар. Дегенмен, қазіргі уақытта ол Қазақстанның резиденті емес, бірнеше жылдан бері АҚШ азаматы. Банкир қазақстандық БАҚ-на берген сұхбатында жұмыс визасын үш жыл мерзімге алғанын айтты.

Айта кетейік, 2 күн бұрын ForteBank басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Равшан Ирматов тағайындалғаны туралы ақпарат тараған. Ол қарашаның басынан бері қаржы институтының басшысы міндетін атқарған Гаухар Бисембиеваның орнына келді. Банк директорлар кеңесі мұндай шешімді 29 қарашада қабылдады, бұл туралы құжат 3 желтоқсанда Қазақстан қор биржасының (KASE) порталында жарияланды. Қазақстандық БАҚ Равшан Ирматовтың тағайындалуын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Талғат Қуанышевтың төрағалығына әлі келісім бермеуімен байланыстырды. Алайда бүгін келісім берген. 

ForteBank-ті 2024 жылғы 1 қарашаға дейін  2,5 жыл бойы Бекжан Пірматов басқарған. Оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, «Верный Капитал» компаниялар тобының құрамында басқа жұмысқа ауысқаны хабарланған еді. Бірақ бұл шешімнің нақты себебі көрсетілмеген. 

ForteBank-тің мажоритарлық акционері – Болат Өтемұратов. Ол банктің 89,01% үлесіне ие және байлығы $2,7 млрд деп бағаланады.

Ұқсас материалдар