2020 жылдың алғашқы тоғыз айында халықаралық жүйелер арқылы ақша аударымдарының жиынтық мөлшері 793 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Қазақстаннан басқа елдерге ақша аудару көлемі 16,6%-ға көбейді, ал шетелден Қазақстанға аударылған ақша 21,4%-ға қысқарды. Дегенмен ел ішіндегі ақша аударымдары 10,6%-ға артты.
Шетелге аударылған қаражаттардың негізгі үлесі Ресей Федерациясына, Қырғызстанға, Өзбекстан және Түркияға тиесілі. Керісінше, Қазақстанға қарай жасалған ақша аударымдары, негізінен, Ресей Федерациясынан, Оңтүстік Кореядан және Қырғызстан мен Өзбекстаннан жүзеге асырылды. Шетел аударымдарының орташа сомасы – 317 мың теңге болса, Қазақстанға – 219 мың теңге.
Қазақстанда 6 халықаралық ақша аудару жүйесі жұмыс істейді: Contact, Faster, MoneyGram, Western Union, Золотая корона және ЮНИСТРИМ.