Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тимур Турлов: Орталық банктер қарыз нарықтарының негізгі ойыншыларына айналды

Тимур Турлов: Орталық банктер қарыз нарықтарының негізгі ойыншыларына айналды

Осы жылдың басында Дональд Трамп саясатқа қайта оралатыны белгілі болғанда, көпшілік: «нарықты ессіз құбылмалылық күтіп тұр» деп әзіл аралас баға берген еді. Шын мәнінде, соншалықты күйреу болған жоқ, бірақ бірқатар күтпеген оқиғалар инвесторларды, әсіресе жеке ойыншыларды бейжай қалдырмады. Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов ITS IDEAS 2025 конференциясында осындай пікір білдірді.  

Тимур Турловтың айтуынша кәсіби ойыншылар мен алгоритмдер үшін жоғары деңгейдегі белгісіздік жаңа мүмкіндіктер тудырады: тәжірибесіз трейдерлердің қателіктері көбейеді, демек пайда табу мүмкіндігі артады. Бірақ тұрақсыздықпен алғаш рет бетпе-бет келгендер үшін шығындар әрдайым жоғары болатыны белгілі. Мұндай құбылмалы жағдай төзімділік пен стратегиялық ойлаудың нақты сынағы болып қала береді.

Тимур Турловтың пікірінше бүгінде жаһандық мемлекеттік облигациялар нарығы тарихи оқиғаға жетті. Бағалы қағаздардың қомақты бөлігі орталық банктердің балансында қалды. 15 жыл «арзан ақшадан» кейін пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі активтердің қайта бағалануына алып келді. Жүздеген базистік пункт бойынша кірістіліктің ауытқуы бағаның ондаған пайызға құлдырауын туғызды. Бұл сирек әрі тәжірибелі инвесторлар үшін де ауыр соққы болды.

«Орталық банктер облигациялар номиналы бойынша кепілге берілген қаржыландыру бағдарламаларын іске қосып, банк секторын құтқарып қалды. Бірақ мұнымен бірге күштердің арақатынасы да өзгерді. Дамыған елдер көптеген дамушы елдерге қарағанда нарыққа белсендірек араласа бастады. Бұрынғы «дамыған нарықтарда көбірек еркіндік, дамушы нарықтарда көбірек реттеу» қағидасы керісінше сипат алды», деді Турлов.

Қазақстанның ішкі нарығында мемлекеттік облигациялар бойынша кіріс дерлік тегіс жағдайды қалыптастырады. Бұл екі түрлі жорамалға негіз бола алады: инвесторлардың инфляциялық тәуекелдерді бағаламауы немесе нарықтың ұзақ мерзімді жоғары мөлшерлемелер дәуірін алдын ала ескеріп отырғаны. Қалай болғанда да, кірістің аздаған қозғалысы да инвесторларға қомақты пайда немесе айтарлықтай шығын әкелуі ықтимал.

Әлемдік капитал ағымдары АҚШ-қа қарай бет алуды жалғастыруда. Жүздеген миллиард доллар осы елге түсуде, себебі олардың артықшылықтары айқын: ашықтық, дамыған инфрақұрылым және ашық капитал қозғалысы. Қытай мен басқа да бірқатар мемлекеттер басқа жолды таңдауда: бірде капитал қозғалысын ішінара ашады, бірде қайта жабады. Бұл халықаралық инвесторлар үшін жаңа әрі болжап болмайтын шындықты қалыптастырады.

Осы жағдайда Қазақстанның бірегей артықшылығы бар. Біздің ел  өңірде тәуелсіз соты және заманауи реттеу ережелері бар халықаралық қаржы орталығын құрған жалғыз мемлекет. Бұл жай ғана инфрақұрылым емес: мұнда ең күрделі қаржы өнімдерін құрылымдауға, сапалы қызмет көрсетуге және халықаралық капитал үшін хаб ретіндегі мәртебені нығайтуға мүмкіндік бар.

Соңғы жылдары Қазақстан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді: ұлттық нарықты дамыту, капитал хабының негізін қалау, халықаралық серіктестер тарапынан мойындалу. Бірақ бұл тек бастамасы ғана.

Өңірлік нарықтар өсіп келеді, бәсекелестік артып жатыр, жаңа ойыншылар пайда болуда. Қазақстан үшін бұл нақты мүмкіндік – капиталды тарту орталығы ретінде орнығу. Процесс жылдам да, айқын да жүріп жатқан жоқ, бірақ дәл қазір өз артықшылықтарымызды қалай пайдаланатынымыз біздің өңірлік көшбасшылыққа қол жеткізуімізді айқындайды.

Ұқсас материалдар