Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қысқы Универсиада елшісі Мұрат Мұтырғанов спортшыларды әділ сайыс өткізуге шақырды

Қысқы Универсиада елшісі Мұрат Мұтырғанов спортшыларды әділ сайыс өткізуге шақырды
Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың ресми елшісі атанған Қазақстанның белгілі цирк әртісі және тележүргізушісі Мұрат Мұтырғанов алдағы іс-шараға қатысты үміттерімен бөлісіп, спортшыларды әділ сайыс өткізуге шақырды. «Осындай ауқымды іс-шара елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғандықтан, мен асыға күтемін, - деді Мұрат Мұтырғанов. – Спортшыларымыз көп жүлде алады деген сенімдемін. Маған үлкен хоккей, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлері ұнайтындықтан, солардың сайыстарына бірінші барамын». Мұрат Мұтырғанов өзі спортпен, соның ішінде қыс мезгілінде сноубордпен белсенді шұғылданады.  «Мен сноубордпен сырғанап жүргеніме үш жыл болды, өкінішке қарай, шаңғы тебе алмаймын. Жиі-жиі коньки теуіп тұрамын. Енді-енді үйреніп бастағанда, қорқыныш болған жоқ. Өзім жастайымнан экстремалдық ойындарға үйренген әртіс болғандықтан, сноубордты өте тез меңгеріп кеттім», - дейді ол. Сноуборд күнделікті проблемаларды бір сәт ұмытуға да көмектеседі екен. «Мен үшін бұл демалудың бір түрі, осының арқасында күш жинап, жұмыстан, тұрмыстық проблемалардан, қаланың қарбалас өмірінен көңілімді басқа нәрсеге аударуға мүмкіндік аламын», - деп түсіндіреді ол. Мұрат Мұтырғанов жанкүйерлер мен спортшыларға өз тілегін жолдады: «Жанкүйерлерге айтарым, Универсиада секілді аса маңызды турнирді қолдап, сайыстарға жиі барыңыздар. Мұндай іс-шара өмірімізде бір рет қана болады, сондықтан мүмкіндіктен қапы қалмайық. Сайыстардың барлығына баруға тырысу қажет. Ал спортшыларға тек жеңістер тілеймін». Қысқы универсиада-2017 елшісінің басты миссиясы – студенттік спорт, туризм және салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын тарату және дамыту. «Универсиада елшісі» деген құрметті атақ өз қызметі және үлгі бола білуі арқылы Универсиаданың құндылықтарын насихаттауға жәрдемдесе алатын Қазақстан Республикасы азаматтарына беріледі. Осыған дейін 2016 жылғы олимпиада чемпионы, жүзгіш Дмитрий Баландин, кәсіби бокстан әлем чемпионы Қанат Ислам, волейболшы Сәбина Алтынбекова, танымал әншілер Али Оқапов, Нұржан Керменбаев және тағы да басқа тұлғалар Универсиада елшілері болып таңдап алынған еді.

Похожие материалы