Алматы. 28 тамыз. 7kun.kz – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлға-салымшыларға кепілдік берілген өтемақыны төлеуді жүзеге асырады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) 2018 жылғы 27 тамызда Ұлттық Банк Басқармасының «Qazaq Banki» АҚ-ты банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдауына байланысты жеке тұлға-салымшыларды теңгемен және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі – ҚДКҚ) кепілдігімен қорғалғанын ескертеді, демек, болашақта сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда, ҚДКҚ жеке тұлға-салымшыларға кепілдік берілген өтемақыны төлеуді жүзеге асырады.
Кепілдіктің ең жоғары шегі:
теңгемен депозиттер бойынша – 10 миллион теңгеге дейін;
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеге дейін мөлшерді құрайды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаражатынан банктің мынадай клиенттері: жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер,жеке сот орындаушылары, нотариустар, адвокаттар өтемақы алуға құқылы.
Банктік шоттағы қалдық өтелуге тиіс. Банк есептеген сыйақыға кепілдік берілмейді. Егер банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, онда капиталдандырылған сыйақы депозиттің негізгі сомасына қосылады және кепілдік объектісі болады.
«Qazaq Banki» АҚ-та жеке тұлғалардың барлығы 23 миллиард теңге сомаға депозиттері орналастырылған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өтемақы төлеу бойынша міндеттемелері 19,6 миллиард теңгені құрайды.
Банк клиенттерінің шамамен 2%-нда кепілдік берілген сомадан артық депозиттері бар және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан кепілдік берілген сома шегінде өтемақы алады, ал кепілдік берілген сомадан жоғары сомадағы өтемақыны тарату комиссиясынан алады.
Ұлттық Банкінің Төрағасының бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған «Qazaq Banki» АҚ-тың барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшіліктің құрамына Ұлттық Банкінің мамандары кірді.
«Qazaq Banki» АҚ-тың уақытша әкімшілігі сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, банкті басқару, банктің активтерін анықтау, ұйымның активтеріне, міндеттемелеріне және құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалады. Өзінің жұмыс істеу кезеңінде уақытша әкімшілік «Qazaq Banki» АҚ-тың активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке бірмезгілде беру мүмкіндігін бағалайды.
«Qazaq Banki» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заң күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде ҚДКҚ жұмыс істейтін қазақстандық банктердің қайсысының «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшыларымен төлем жөніндегі агент ретінде жұмыс істейтінін жариялап, салымшылармен есеп айырыса бастайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл банктің қаржылық жағдайы тұрақты, еліміздің барлық жерінде салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін ауқымды филиалдар желісі және инфрақұрылымы болуға тиіс. Бұл банк «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшыларымен ҚДКҚ-ның атынан және оның қаражаты есебінен жұмыс істейтін болады.
ҚДКҚ таңдап алынған агент-банкті жариялаған соң, салымшылар осы банктің бөлімшесіне кепілдік берілген өтемақыны алу үшін өтініш беруге тиіс. Агент-банк оған құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей төлем жасауды жүзеге асырады.
Ұлттық Банк, сол сияқты ҚДКҚ салымшыларды БАҚ арқылы жағдайдың бұдан әрі өрбуі туралы хабардар етеді. Салымшылар www.kdif.kz сайтында депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпарат алып, заңнаманың жаңартылған редакциясымен таныса алады. Мамандардың консультациялары 8 8000 80 10 20 шұғыл желі нөмірі бойынша жүргізіледі (қоңырау шалу тегін).
Барлық туындаған сұрақтар бойынша «Qazaq Banki» АҚ-тың уақытша әкімшілігінің басшысы Анфиса Леонидовна Отцоваға +7 (727) 380-39-51, +7 (727) 380-39-39 телефондары бойынша, сондай-ақ «ҚҰБ Online» мобильді қосымшасы арқылы өтініш жасауға болады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024