Рейнис Рубенис ForteBank Басқарма төрағасы қызметінен кетті

Алматы. 21 маусым. 7kun.kz – Рейнис Рубенис жеке жағдайларға байланысты Қазақстан ForteBank Басқарма төрағасы қызметінен мерзімінен бұрын кетеді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Рубенис Латвияның ең ірі Swedbank Latvia банкін бес жыл басқарғаннан кейін 2022 жылдың 10 қаңтарында ForteBank Басқарма төрағасы қызметіне келген еді.

«Биыл геосаяси ландшафт қатты өзгерді және менің отбасымның Қазақстанға көшуін қиындатты. Бұл менің Басқарма Төрағасы ретіндегі өкілеттілігімді мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімнің негізі себебі болды., ол маған оңайға соқпады. Мен Латвияға ораламын», – деді Рубенис.

Сондай-ақ, 2022 жылдың 15 шілдесінен бастап Басқарма төрағасының міндетін Бекжан Пірматов атқаратыны атап өтілді. Ол бұған дейін Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын.

ForteBank-тің негізгі акционері – белгілі қазақстандық бизнесмен Болат Өтемұратов.

Қазақстан Ұлттық Банкінің дерегіне сәйкес, 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша ForteBank республиканың 22 банкі арасында активтерінің көлемі бойынша 6-шы орынды иеленді.