Медиа
Қазақстандық басылымдарда тегін жарнама жиі кездеседі - түркиялық журналист
Кеше түркиялық журналистер қазақстандық әріптестеріне тренинг өткізді. Медиа-тренерлер Ыстамбұл және Лондон қалаларынан келді, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.
"Кәсіби шеберлік және журналистика" тақырыбындағы тренингті "Түркітілдес журналистика қоры" Шеврон компаниясының демеушілігімен ұйымдастырған. Семинар-тренингке Алматы, Тараз, Шымкент пен Қызылорда қалаларындағы тәуелсіз БАҚ қызметкерлері қатысты.
Түркиялық журналист Х.Ероғлұның айтуынша қазақстандық журналистер суретті аз қолданады.
"Оқырмандарды бұл тартпайды. Оның үстіне суреттегі кейбір артық заттарды алып тастамайсыздар. Мысалы, бір кісі жиналыста сөйлеп отырса, суретін беретін болсаңыздар, оның алдына қойылған әр арнаның микрофондарымен қосып бересіздер. Бұл деген тегін жарнама ғой. Біз ондайларды тазалаймыз. Газеттеріңізді қарап шықтым, басылымдарыңыз халықаралық ақпараттарды көп жазады екен. Сіздерде жергілікті әлеуметтік мәселелер жоқ па?",- дейді Хедие Ероғлұ.
Сонымен қатар, Түркия журналистерінің әр қайсысында өз фото архиві болады. Х.Ероғлұның сөзінше олар интернеттен өте сирек алады. Түрік газеттерінің бір ерекшелігі - олар газет логотипінің орынын әр кез қалағанынша ауыстырып бере алады. "Ал Қазақстанда олай істеу мүмкін емес. Газет логотипін астыға, не үстіге қоюды қойып, 10 смге артық жылжытып қойсаңыз, ішкі саясатқа айыппұл төлейді екенсіз", -дейді медиа-тренер.