Жыл басынан бері ұлттық валютаның құны арта түскенімен, тауарлардың бағасы төмендер емес. Қоғамды толғандырған бұл сауалға сарапшылар жауап берді.
Экономика ғылымдарының докторы Мағбат Спанов Қазақстандағы негізгі принцптер бұзылғанын, сондықтан бағаны белгілеу барысына еңбек өнімділігі әсер етпейтінін айтты.
Оның пайымдауынша, әзірге, халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасы төмендемейді.
"Қазақстан экономикасы әлі де мұнай-газ секторына тәуелді және монополияланған. Теңге нығайғанымен, бензин бағасы қымбаттап жатыр. Мұның барлығы елімізде жақсы дамыған шағын және орта бизнестің болмауынан", - экономика ғылымдарының докторы.
Спанов "Негізінде бағаға шикізат, материал, жалақы, логистика және маркетинг секілді түрлі факторлар әсер етеді... Қазақстанда да солай, ал бағаның төмендемей жатқаны еңбек өнімділігімен тікелей байланысты" деген пікірде.
Ал "Цесна Капитал" АҚ сарапшысы Дархан Лұқпанов теңге нығайғанымен, алғашқы үш айда инфляция 2,3 пайызды көрсеткенін айтты.
"Инфляция мен теңге арасындағы байланыс уақыт өте реттеледі. Одан бөлек шынайы инфляцияны да есепке алған жөн. Инфляцияның төмендеуі үшін белгілі-бір уақыт аралығында теңге құнын жоғалтпауы қажет", - деді ол.
Halyk Finance инвестбанкі зерттеу департаментінің басшысы Мұрат Темірханов теңге долларға шаққанда нығайғанымен, рубльге қарсы әлсірегенін айтты. Сәйкесінше бұл кей тауарлардың қымбаттауына себеп болды.
"Қазіргі таңда импорттың 40 пайызы Ресейден келетінін және ол үшін рубльмен есептесетінін ескерсек, онда осы тауарлардың бағасы көтерілуі заңды. Мысалы, рубльге шаққандағы теңгенің құнсыздануы бензинді қымбаттатып жіберді", - деді Темірханов.