Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бұл аптада қандай маңызды оқиғалар болды?

Бұл аптада қандай маңызды оқиғалар болды?

Әр апта сайын елімізде маңызды оқиғалар болады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. Сонымен, 17—21 сәуір қандай жаңалықтарымен есте қалды?

Дүйсенбі, 17 сәуір.

  1. Мемлекеттік сыртқы қарыз көлемі бір жылда 10 пайызға артты.

Мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы жекеменшік сектордің берешегімен салыстырғанда тезірек өсіп жатыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, банктер мен ұйымдардың 50 пайызын иемденіп отырған банктер мен ұйымдардың кепілдендірілген қарызы 35,8 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп.

2. Қазақстандықтар Орта Азия бойынша ең үздік жарнамашылар атанды.

Орта Азияда  жыл сайын өтетін AdAsia алтыншы «Креативтілік пен шеберлік рейтингісінің» қорытындысы шығарылды. Cheil Kazakhstan  аймақтағы жылдың ең үздік агенті болып танылды.

3. Сейтқазы Матаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығады.

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты амнистиция» арқылы жазасын өтеу мерзімі қысқартылды.

«4 баптың, 1 тарауының 4 тармағы бойынша, «Ауыр қылмысы үшін қамауға алынған 60 және одан жоғары жастағы ер адамдарды Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру» негізде Сейтқазы Матаевтің жазасы жеңілдетілді», — деп жазылды хабарламада.

Бұған дейін Матаевтің әлі өтелмеген 5 жарым жыл мерзімі болған, жаңа шешім қабылданғаннан кейін оның жазасы 2 жыл 8 айға қысқартылды.

https://youtu.be/r7UpLCMNr3w

Сейсенбі, 18 сәуір. 

  1. Қасымов: Алдын алмаса Астананы да үш күнде су басады.

Үкімет отырысында ҚР ІІМ Қалмұханбет Қасымов Астана су қоймасынан шығарылып жатқан судың көлемі 40 текше метрден 1200 текше метрге дейін көбейтілгенін, соның әсерінен Ақмола облысы Аршалы ауданындағы бір елді-мекеннің су астында қалғанын айтты.

2. Сағынтаев Ақмола облысы әкімін су тасқынына байланысты сөкті.

«Мәлік Кеңесбайұлы, сіз қазір Сандықтау туралы айттыңыз. Оқимын: «Түнгі уақытта Жабай өзенінде мұз кептелісі салдарынан су деңгейі көтерілді. Біз ненің алдын алмадық? Аралып шықтыңдар, бақыладыңдар. Жарылыс жұмыстарын жүргізуге болар еді ғой. Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс істеп жатыр, олар қайда қарап отыр? Неге бұл жұмыстар орындалмаған?», — деп сұрады Сағынтаев Ақмола облысының әкімінен.

3. Атбасарда бұзылған бөгет былтыр 200 млн теңгеге салынған.

Бөгет Жабай өзенінде су деңгейінің күрт жоғарылағанынан бұзылған. Министрі Атбасардағы жағдайдың қиын екенін айтты. 269 тұрғын үйді су басып, 130 үйге қауіп төніп тұр.

«Таңертен су деңгейінің 40 сантиметрге төмендегені байқалды. Судың ең жоғары деңгейі 6 метр 10 саниметр болған. Ал таңертен 5 метр 70 сантиметрге дейін түсті. Қазіргі уақытта плотина құрылысындағы салғырттықтарға зерттеу жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды», — деп атап өтті министр.

«Атқарушы органдарға 200 млн теңге бөлінді. Біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл туралы қылмыстық іс те қозғалды. Дамбаның қалай салынғандығына сараптама экспертиза жасалып жатыр», — деп атап өтті Қасымов.

Сәрсенбі, 19 сәуір.

  1. Министр: Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8 пайызға өсті.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8%, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі 5,6%, өңдеу өнеркәсібі 6,5% өсті.

2. Кәсіпорындарда 22 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

2017 жылғы 1 қаңтарға зерттелген кәсіпорындардағы қызметкерлердің саны 2370,5 мың адамды, бос жұмыс орындар саны 22 мыңнан асты. Бұл туралы статистика комитетінің «Ірі және орта кәсіпорындардағы кадрларға қажеттілігі және саны туралы есеп» зерттеуінде жазылған.

3. ХВҚ: Венесуэланы 2000 пайыздық инфляция күтіп тұр.

Қор сарапшыларының пайымдауынша, Венесуэладағы экономикалық тоқырау процесі елді осы жылы — 720 пайыздық, 2017 жылы 2068 пайыздық инфляцияға жеткізуі мүмкін. NTN24 арнасы қордың мұндай болжам жасауына экономикалық саясат пен импортты кіргізбеуден туындайтын салық түсімдерінің дефициті негіз болғанын хабарлады.

Бейсенбі, 20 сәуір.

  1. 2016 жыл саудагерлер үшін соңғы төрт жылдағы ең табысты жыл болды.

Сараптама агенттігінің жазуынша, өткен жыл ірі кәсіпорындар үшін де, шағын скетор үшін де сәтті болған. Көтерме саудамен айналысатын ірі кәсіпорындар мен алып-сатарлар 294,6 млрд теңге табысқа кенелсе, шағын сауда ұйымдарының кірісі 292,7 млрд теңгеге жеткен.

Ал 2017 жылдың басынан бері, — дейді сарапшылар — сатып алу деңгейі тағы да өсіп жатыр, бұл өндіріс көлемін арттыруға ынталандырады. 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында сатып алу қабілетінің көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға артық.

2. Су басып жатқан 3 аймақта 600-ге жуық бала киімсіз, оқулықсыз қалған.

«Кітапсыз қалдым» деп үкіметке жан-айқайын жеткізген 10 жасар қыз жалғыз емес екен. Су басып жатқан 3 аймақта бас-аяғы 600-ге жуық бала киімсіз, оқулықсыз қалыпты.

3. Ең аз сомадағы пара Оңтүстік Қазақстанда беріледі.

Іскерлік климат рейтингі, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ең аз көлемдегі пара Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін анықтады. ОҚО-дағы салық органдарында пара 14-97 мың теңге арасында, транспорттық бақылау қызметтерінде заңсыз берілетін сома 28 мың теңгеден басталып, 115 мың теңгеге жетеді. Басылымның жазуынша, бұл Қазақстандағы параның орташа шамасынан 2-3 есе аз.

Жұма, 21 сәуір.

  1. Париждің орталығында атыс болды. 

Париждің орталығында атыс болды, құрбан болғандар бар. Франция президенті мен премьер-министрі Парижде болған атыс бойынша жедел мәжіліс өткізіп жатыр. Атыс Париждің орталығындағы Елисей алаңында болды. Онда полицей қызметкерлері қаза тапты. Соған байланысты Францияның премьер-министрі Бернар Казнев республика президенті Франсуа Олланмен кеңесу үшін жедел Елисей сарайына келді. Бұл туралы бейсенбі күні үкіметтегі дереккөздерге сілтеме жасап AFP хабарлаған.

2. Қазақстанның қой еті Қытай нарығына шығуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қытайдың cапа, тексеріс және карантинді бақылау бойынша бас басқармасы (AQSIQ) мен сертификаттау мен тіркеу жөніндегі бас басқармасының өкілдерімен кездесу өтті. Онда Қазақстанның ветеринарлық жүйесін бағалау, Қытайға шығарылуы мүмкін қой еті өнімдеріне қойылған ветеринарлық-санитарлық талаптар жайы талқыланды

3. Биыл жемқорлықпен ұсталғандар 33 пайызға көп.

2017 жылдың алғашқы үш айында 2016 жылғы дәл осы мерзіммен салыстырғанда жемқорлар саны 33 пайызға көбейген.  2017 жылдың алғашқы үш айында елімізде жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 220 адам сотталған, ал былтыр бұл көрсеткіш 165 болған еді. 2016 және 2015 жылдардағы статистикаларды салыстырсақ, жемқорлықтың біртіндеп өсіп бара жатқанын байқаймыз. 2016 жылы жемқорлық үшін 910 адам жазаланса, 2015 жылы бұдан 20 пайызға аз, яғни 760 адам болған.

 

Похожие материалы