Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстан  Республикасының  экономикалық дамуы  

Қазақстан  Республикасының  экономикалық дамуы  

Экономикалық  реформаға  көзқарас Соңғы жылдардағы  оқиғалар экономиканы нарықтық қатынастар негізінде түбегейлі қайта өзгерту кең ауқымды экономикалық  іркілістермен және дағдарыстармен ұласатынын және қоғам тарапынан көп күш-жігер жұмсауды қажет ететінін  көрсетті. Нарықты жарлықпен немесе декретпен енгізуге болмайды, нарыққа көшу үшін, ұзақ уақыт керек. Өтпелі кезеңде әртүрлі асығыс, жеткілікті дәрежеде негізделмеген шаралардың жүзеге асырылуы қауіпті теріс зардаптарға сөзсіз әкеліп соғады, мұны нарықтық даму жолына түскен елдердің тәжірбиесі айқын дәлелдейді.

Өткен жылдардың қорытындылары оптимистік тұжырымдар жасау үшін негіз бермейді. Кезінде жарияланған мақсаттар мен бағыттар тым қарама-қайшы жүзеге асырылуда, қат-қабат әлеуметтік-экономикалық  дағдарыстың орын алып отырғаны айқын.

Мұның  өзі экономикалық  реформа мәнінің, әлеуметтік-экономикалық  реформалаудың объективті мүмкіндіктері мен шектерінің өз кезінде аяғына дейін ұғынылмауына, реформаны жүзеге асырудың уақытша параметрлері мен кезеңдерінің дұрыс анықталмауына байланысты. Сөз бен істің арасында алшақтық көп болды.

Экономикалық реформа қоғамдық жарасымдылық, өткен кездің оң жетістіктері мен тенденцияларын сақтау, мемлекеттің қауіпсіздігін және халықтың барлық топтарының құқықтары мен оның ерекшеліктерін қамтамасыз ету принциптеріне негізделген түбегейлі шаралардың біртұтас жүйесін қажет ететіні айқын болды.

Ел экономикасы ХХІ ғасыр шебінде тұр. Мәселе ХХІ ғасырдың табалдырығынан қандай  нарықтық  жетістікпен, қандай дайындықпен аттағалы отырғанымызда. Монография авторы экономикалық реформаның барысын, оның жетістіктері мен кемшіліктерін ашық көрсетуге тырысты.

Соның негізінде автор отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету басты мақсаты болып табылатын жаңа экономикалық  саясаттың (ЖЭС) концепциялық негізін әзірледі. Экономикалық реформаның түрлі салалары, жолдары осы ЖЭС концепциясымен негізделуге, онымен байланыстыруға тиіс. Кітаптің бүкіл мазмұнына осы идея өзек болған. Нарықтық  экономиканы басқаруды реформалау жөніндегі жаңа тәсілдер, Қазақстан Республикасының экономикасын дағдарыстан шығарудың әдістері мен жолдары ұсынылған.

1.1.Нарықтық  қатынастардың дамуы.

Соңғы жылдарда Қазақстан экономикасында дәуірлік мәні бар, бірақ керағар оқиғалар болып жатыр.  Қазақстан 1992 жылдан бастап түбегейлі экономикалық реформаларды жүзеге асыруға кіріскен болатын. Содан бері өткен жылдардың нәтижелеріне қарағанда, нарықтық экономикада республикада тиімді жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Реформалардың кезінде жарияланған мақсаттары мен бағыттары тым керағар жүзеге асырылуда, жан-жақты түгел қамтыған әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың күшейіп келе жатқаны айқын байқалуда. Себебі экономикалық реформа мәнінің, әлеуметтік-экономикалық реформалаудың нақты мүмкіндіктері мен шектерінің өз кезінде жете ұғынылмауына, реформа жүзеге асырудың уақытша параметрлерінің дұрыс белгіленбеуіне байланысты. [1].

Алайда,  нарыққа көшу кезінде «қоғамдық жарасымдылықты» қамтамасыз  ету жөніндегі  шараларды методологиямен бірінші  кезекте негіздеу керек. Қазіргі кезеңде бізге ең қажеттісі міне осы. Өйткені бізді қоршаған  дүние-табиғаты әртүрлі элементтердің жиынтығы болып табылатын  қарапайым да күрделі жүйелер шоғыры. Жүйелердің қатар өмір сүруінің қажетті шарттары- оларды құрайтын бөліктердің балансы, тепе-теңдігі, үйлесімділігі, жарасымдылығы. Экономикалық  жүйелерде балансқа экономикалық нысандар мен әдістерді іріктеу, олардың бірін  талдау жолымен қол жететіні  мәлім. Осыған орай оқиғалардың өрбуіне дұрыс бағыт-бағдар беретін қабілетіне  экономикалық тұтқаларды мақсатты түрде келісе және салмақтай отырып іске қосу жөніндегі күш-жігерлердің маңызы ерекше зор.

Экономикалық жүйелердің «үйлесімділік», «баланс», «тепе-теңдік» категориялары жөнінде өз өлшемдері бар. Экономикалық жүйенің кең мағынадағы мақсаты- адам үшін, қоғам үшін материалдық және  рухани игіліктер жасау. Бұл жерде өндіріс пен тұтыну, сұраныс пен ұсыныс, кіріс пен шығыс, ақша массасы мен тауар және қызмет айналымы, ғылыми-техникалық прогресс пен инвестициялауға арналған қаржы ресурстары сияқты проблемалар алдыңғы орында тұр.

Қандай да болсын ағымдағы және болашақтағы жетілдірулерді келісіп алу, яғни  дер кезінде  көздеп,  жүйеге енгізу, сол арқылы оның тіршілік-тынысын кеңістік пен уақыт тұрғысынан теңдестіру өте қиын.  Мұның өзі экономикалық жүйелердің ерекшеліктеріне байланысты. Олардың өз табиғаты  жағынан тұрақты емес екені, бірегей екені және нақты бір жағдайларда қандай сипат алатынын болжауға болмайтыны, яғни оларға өз параметрлерінің құбылмалылығы, схоластикалылығы тән екені мәлім. Олар өз құрылымын мақсатты түрде өзгертуге,  түр-сипаттығының тұтастығын және  нұсқалығын сақтауға, бүлдіруші әсерлерге қарсы тұруға, ішкі-және сыртқы кедергілер жөнінде құбылмалы жағдайларға бейімдеуге қабілетті.

Экономикалық  жүйеде салыстырмалы балансқа  жетуді қиындататын нәрсе – қоғам үлесіне қашанда болсын ресурстардың шектеулі мөлшері ғана тиеді, бұл көптеген факторларға, соның ішінде жинақталған білім деңгейіне, технология мен техниканың даму дәрежесіне, еңбек өнімділігінің артуы деңгейіне байланысты.

Экономикалық  жүйеде  салыстырмалы балансқа оның басты субъектілері (кәсіпорын, өз бюджетімен қоса отбасы, мемлекет) тарапынан толассыз, саналы іс-қимылдар жасалуы барысында қол жетеді, олардың әрқайсысы  бұл процесте өз мүдделерін білдіруші болып табылады. Экономикалық жүйе субъектілерінің өзара іс-қимылы және  теңдестіру жолдарын іздеу  қалай болса солай емес, ол қоғам қабылдаған, өнім өндіру , айырбастау, бөлу және тұтыну кезеңдерінде   экономикалық айналымдағы  олардың түр-сипатының негізгі принцптерін белгілейтін конпенция-модельге сәйкес жүзеге асырылады.

Өркениетті дамыту тарихынан экономикалық жүйелердің тіршілік-тынысын үйлестіруге бағытталған ұтымды қоғамдық-экономикалық концепцияларды көптеп келтіруге  болады (Компанелла, Сен-Симон, Рикардо, Адам Смит, Маркс). Олардың әрқайсысы үйлесімділікке жетудің өз үлгілері мен құралдарын ұсынды. Солардың ішінде екі концепция ғана нақты жүзеге асырылды: орталықтандырылған шаруашылық жүйесі мен нарықтық жүйе.

КСРО-дағы орталықтандырылған шаруашылық концепциясының  негізін қалаған маркстік  модельдің басты идеясы тепе-теңдікке, балансқа, демек, гүлденуге меншік туралы мәселені шешкен жағдайда ғана қол жетуі мүмкін деген пайымдау болғаны мәлім. Бұл модельге сәйкес бар бәле   мынада: өндіріс құралдары  буржуазияның қолында болып, ол жалдамалы қызметкерлерді қанайды, олардың еңбегінің  нәтижелерін иеленеді. Пролетариат  өзінің саяси үстемдігін буржуазиядан бүкіл капиталды тартып алып, бүкіл еңбек құралын мемлекет қолында орталықтандыру, сол арқылы  өндіргіш күштердің санын неғұрлым тезірек көбейту үшін пайдаланады. Бұл жерде негізгі үйлестіруші әсер орталықтан реттелетін жалпыға бірдей  молшылық орнайды деген идеалистік қағидаға негізделген еді, алайда оның өзі, уақыттың көрсеткеніндей, елде ауыр зардаптарға әкеліп соқты.

Осы теория негізінде үйлесімділікке жету мен дамудың социалистік моделі қалыптасып, қолданыла бастады. Оған  сәйкес  макро-және микродеңгейдегі экономикалық жүйе  субъектілері іс-қимылының бүкіл сценарийі осы саладағы барлық  құбылыстар мен процестерді мемлекеттің реттеуіне негізделіп, бұған, өз тарапынан:

-өндіріс құралдарын жаппай мемлекеттендіру;

- еңбек ұйымдастырудың әкімшілік әдістерін орнықтыру;

-экономикалық процестердің өзінен-өзі реттелуінен бас тарту есебінен қол жетті.

Бұл жағдайларда экономикалық жүйенің тіршілік-тынысын үйлестіру функциясы тек қана мемлекеттің ерекше құзіретінде болып, ол бұл функцияны көптеген директивалы көрсеткіштер,

нормативтік  актілер және т.т. арқылы өктемдік, әкімшілік құралдармен жүзеге асырды. Мемлекет  кәсіпорындарға ие болып, оларға барлық негізгі және  айналым қорларын өзі беріп отырғандықтан кәсіпорындар қызметінің ұзақ мерзімді саясатын да өзі белгіледі. Кәсіпорындар дербестігі тек қысқа мерзімді шұғыл-техникалық шешімдерге ғана қатысты болды. Ұзақ мезімді шешімдердің  бәрі тек жоғарыдан берілетін.

КСРО-да соңғы жылдарда  болған оқиғалардың қатаң логикасы экономиканың тіршілік-тынысын үйлесімді етудің  ең дұрыс жолы ретінде экономикалық жүйенің нарықтық концепциясын тануды қажет етті. Орталықтандырылған  шаруашылық концепциясынан айырмашылық-нарықтық экономикада үйлесімділікке жету процесі мемлекеттік аппараттың күш-жігерімен емес, ал жүйенің бір-бірімен экономикалық  тұрғыдан өзара іс-қимыл жасаушы екі субъектісі-өндіруші ретінде кәсіпорын және тұтынушы ретінде отбасы тарапынан қамтамасыз етіледі.

Дамудың экономикалық концепциясын таңдау туралы мәселе Батыс Германия  үшін де принципті маңызды болғанын атап өту керек, онда отызыншы жылдардан 1948 жылға дейін, яғни 10 жыл бойы, іс жүзінде жоспарлы шаруашылық болды (шикізат пен материалдарды рациондау, шығарылатын тауарлардың номенклатурасын регламенттеу, бағаны және жалақының жоғары деңгейін қаржыландыру, экспорт пен импорт саласындағы мемлекеттік реттеу).

Екінші  дүниежүзілік  соғыстан кейін «Қазіргі өнеркәсіп қоғамына жұмыс істеуге қабілетті және сонымен бірге адам баласына лайық құрылым сипатын қалайша беруге болады?» деген сұрақ немістер үшін саясаттың құрылымды айқындайтын және бақылайтын басты элементіне айналды. Бұл сұраққа  жауап  әлеуметтік-нарықтық шаруашылық концепциясынан табылды, ол «рынокта болып жатқан процестердің сөзсіз екенін түсіну мен нарықтық шаруашылықтың  бұл  ұйымдық құрылымын әлеуметтік  және қоғамдық  прогреспен ұштастыруға тырысу арасындағы синтезге жету» әрекеті деп саналды. [2].

Экономикалық  саясаттың концепциясы ретінде әлеуметтік-нарықтық  шаруашылық экономика мен қоғамның еркін, экономикалық жағынан тиімді, берік, әлеуметтік және әділ құрылымына жетуге бағытталған. Ол ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың бас кезіндегі жүгенсіз капитализм  мен КСРО типі бойынша экономика орталықтан басқарылатын жүйелер арасындағы «үшінші жол» деп саналады.

Алайда әдеуметтік-нарықтық шаруашылықтың осы мұрат-моделі Германияда әлі де болса  толық көлемінде  жүзеге асырылған жоқ. Динамикаға  және құрылымдық қосымша құралға байланысты проблемалар әрдайым орын алып келеді (соның ішінде, нақты айтқанда, мына салаларда: өндіріс факторларының рыноктары мен тауарлар рыногындағы қатаң құрылым, жәрдемақының тым көп бөлінуі, рынок  күштеріне бөгет жасайтын реттеулердің көптігі және, атап

айтқанда, мемлекет тарапынан әлеуметтік өнімнің тым көп пайдаланылуы). Оған тән барлық қасиеттерді жүзеге асыру бағыты экономикалық саясаттың тұрақты міндеті күйінде қалып отыр.

Егер  шешімдер қабылданған кезде нарықтық реформаларды жүзеге асырудың дүниежүзілік тәжірибесі ескерілсе, реформалау нәтижелеріне талдау жасалса және оларды (реформаларды) жүзеге асыру тактикасына шұғыл  түрде түзетулер енгізілген болса, біздің нарыққа көшу практикамыз үшін  мұның  өзі пайда болған көптеген  проблемаларға жол бермеуге болатынын білдіреді. Алайда экономиканы реформалаудың және оның дүниежүзілік жүйеге енуінің Қазақстан Республикасы Үкіметі  айқын мәлімдеген саясаты әзірше жоқ. Іс жүзінде капитализмнің жаңғыртылып жатқанын ғана көруге болады. Меншікті  жекешелендіру және акционерлендіру жолымен ауыстыру, отандық тәжірибеміздің көрсеткеніндей, келеңсіз зардаптарға әкеліп соқты, оларды түзеу көптеген жылдар бойы теріс әсерін  тигізетін болады. Бұған істің жүйесіздікпен қолға алынуы, экономиканы реформалау артықшылықтарының, несие-ақша саясатының, меншікті бағалаудың нарықтық механизмдерінің, өндірісті дамытудың дәлелді себептерінің жоқтығы себеп болды. Сондықтан жекешелендірілген кәсіпорындардың көпшілігі ескірген және тозған жабдықтар көп, айналым  қаражаты мен қатаң салық саясаты жоқ жағдайда қолда бар  мүмкіндікті тиімді пайдалана алады деп ойлауға болмайды.

Нарыққа көшу процесін барлық  өзгерістер мен нәтижелер туралы нақты ақпарат, елдің және оның халқының әлеуметтік, экономикалық  дамуының айқын белгіленген концепциясы жоқ жағдайда міндеттер мен  бағдарларды жиі ауыстыра  жүзеге асыруға  болмайтыны және оның бұлай жүзеге асырылуға тиісті емес екені мүлдем  айқын болып отыр. Алайда уақыт күтпейді.

Бұл салада кешігу өте қауіпті, өйткені әлеуметтік тосын өзгерістерге әкеліп соғуы мүмкін. Өтпелі процестің көптеген элементтерін жеделдете түзеуге тура келді. Жалпы алғанда, нарықтық қатынастарда дамытуда әрдайым сәтті болмаса да, белгілі бір тиянақты қадамдар  қазірдің өзінде  жасалды. Алайда экономика субъектісінің мүдделерін көздейтін  реттегіш ретінде мемлекеттің іс-қимыл тұтастығына жету проблемасы шешілмеген күйінде қалып отыр. Батыл шаралар қажет.  Экономиканы реформалау кезінде «қоғамдық жарасымдылық» концепциясын тіпті де «кабинет» режімімен емес, ол елдің таяудағы жылдарда және ұзақ  болашақта экономикалық  және әлеуметтік дамуының сценарийін әзірлеу мен жан-жақты талқылау, талдап алынған саясатты, баға жүйесін, салық және несие саясатын, халықтың әлеуметтік кепілдіктерін негіздеу жолымен әзірлеуге болады.

Сценарий әзірлеу алгоритмі  жалпы алғанда мынадай болуы мүмкін:

  1. Экономиканы реформалаудың басты мақсатын талқылау мен талдау, соның ішінде елді дамытудың экономикалық және саяси жүйесін талдау.
  2. Қолда бар табиғи ресурстарды, ғылым мен техниканың басым дамытылуын, еңбек ресурстарының бар екенін және өндіргіш күштердің орналастырылуын ескере, нарықтық экономиканың жұмыс істеу жүйесін ауызша сипаттау.
  3. Экономиканы дамытудың экзогендік және эндогендік факторларын белгілеу.
  4. Өндірісті дамытудың құрылымдық саясатын негіздеу.
  5. Макроэкономикалық көрсеткіштерді белгілеу.
  6. Қаржы мен салық саясатын, сондай-ақ мемлекет қарамағындағы экономика секторларын белгілеу.

Экономиканы реформалаудың келешектегі  концепциялық негіздерін әзірлеумен қатар экономика субъектілерінің  өтпелі кезеңде аман қалуының мәселесі де өткір қойылып отыр, оны жүйеде тепе-теңдіктің жол беруге болатын ең төменгі деңгейі деуге болады, ол тепе-теңдік бұзылған жағдайда жүйе-жүйе болудан қалады.

Дағдарысқа қарсы  күресу мәселесі бүгінде экономиканың барлық салаларын қамтып отыр. Түрлі деңгейдегі шаруашылық буындарының жаңа шаруашылық жағдайларын көбінесе қайткенде де бейімделуіне тура келіп отыр.

Аман  қалуды  бағдар еткен жүйеде салыстырмалы тепе-теңдік жасау жолдарын іздестіру  қазіргі жағдайларда өте күрделі. Өйткені жаңа тұрпаттағы  кәсіпорындар қазірдің өзінде  қалыптасып, жұмыс істеуде,  олар өздерінің экономикалық мәні жағынан алғанда социалистік те нарықтық та емес.  Кәсіпорындар  нарықтық үлгідегі ұйымдық құрылымның ресми құқықтық  мәртебесін алып, өз жұмысының жалғастырылуын көбінесе өте тұрақсыз жағдайларда кез келген, тіпті де нарықтық емес әдістермен қамтамасыз етуде.

Нарыққа  өту жағдайларында үкімет алдында тұрған басты проблема – бүкіл дерлік  ұлттық байлықтың мемлекет меншігінде болып отырғанында. [3].

Көптеген адамдардың ойынша, жедел жекешелендіруге, мемлекет меншігінен алуға үміт артуға болады. Шынында да, экономикасы дамыған түрлі елдердің тәжірибесі мемлекеттік меншіктің үлес алмағы 10-30 проценттен аспауға тиіс екенін көрсетеді. Алайда, біріншіден,  бұл процес қалағанымыздай шапшаң болмайды, екіншіден, экономиканың қожырауы және кең көлемді  жеке  кәсіпкерлік тәжірибесінің болмауы жағдайында біз олай істей алмаймыз. «Идеологиялық тазалықты» сақтауға байланысты емес, ол көлікте , энергетикада, өндіру және өңдеу салаларында тұрақты жұмыс істеу қажет екеніне байланысты.

Кәсіпкелер үшін бастапқы  жағдайлар жасау, нарықтық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттің аса маңызды  міндеті болуға тиіс, өткені  экономикалық реформаның қазіргі кезеңгі жекешелендіру белгісімен өтуге тиіс.

Мемлекеттің  қатысуынсыз кәсіпкерлік қызметті  банк және қаржы-кредит жүйесінде  мемлекеттік секторды,  капиталдың  банктер, инвестициялық және холдинг компаниялары,

қор биржалары арқылы еркін өтуін едәуір ұлғайту, кәсіпкерлерге қаржы ресурстарына жол ашылуын қамтамасыз ету арқылы қаржыландыру, несиелеу және сақтандыру жүйесін (шағын биснестің қажеттерін ескере) қалыптастыру іс жүзінде мүмкін емес. Кәсіпкерлік қызметті  ақпаратпен қамтамсыз ету жүйесі, заңдарындағы өзгерістер туралы, қолда бар тауарлар және олардың қозғалуы, бағалы қағаздар рыногының жайы туралы шұғыл түрде  хабарландыру қажет. Қызметтің басты бағыттарын бөле отырып, салық жеңілдіктерін орнықтырудың, коммерциялық банктердің  несиелері бойынша кепілдік жүйесін,   коммерциялық тәуекелді сақтандыру компанияларының  жүйесін жасаудың, аймақтық, салалық инвестициялық компаниялар құрылуын ынталандырудың, халыққа қарасты бағалы қағаздармен операциялар жүргізілуінің зор маңызы.

1.2.Қазақстандағы экономикалық реформалардың жайы және  барысы.

Республикада  жүргізіліп  жатқан экономикалық реформалар және оларды жеделдету мен  жақсарту бағдарламаларын жүзеге асыру күткендегідей әлеуметтік-экономикалық   нәтижелердің  бәрін бірдей  берген жоқ. Ең алдымен  инфляцияны  және өндірістің құлдырауын толық дәрежеде жою мүмкін болмады.

Дағдарысқа қарсы  шаралардың орташа мерзімді болашаққа (1993-1195 жылдарға) арналған бірінші бағдарламасында  инфляцияны жарамды  деңгейге дейін төмендету өндірістің  құлдырауын тоқтатуға және 1995 жылдың аяқ кезіне дейін оның өсуі үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді деп болжаған болатын.

Алайда 1993 жылы инфляция  деңгейі 2265  процентке  жетті. 1994 жылдың орта тұсында  ауыр жағдай қалыптасты: оның бірінші жартысында  1993 жылғы деңгейден бір ай (наурыз) ғана төмен болмай, бұл  «қарқын» үдей түсті де, алдыңғы жылдағы 116,1 процентпен салыстырғанда мамыр айында   133,8 процентке жетті. Инфляциялық  процестің үдей түсуі өндірістің күрт құлдырауына әкеліп соқты. Сөйтіп,  экономикалық  реформаларды дағдарысқа қарсы шаралардың  1993-1995 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша   одан әрі жүзеге  асыру мүмкін емес екені 1994 жылдың орта тұсында   айқын болды.  Бұл жағдайларда ел президенті  Н.Ә.Назарбаев Республика Министрлер Кабинетінің жұмысына өте қатал баға беріп, оның басшылығын ауыстырды.

Сонымен бір мезгілде экономикалық реформаларды жеделдетудің жаңа бағдарламасы енгізіліп, оны 15 айда (1994-1995 ж.ж.) жүзеге асыру белгіленді. Бұл бағдарламаның негізгі  мақсаты инфляцияны, өндірісті тұрқтандыру мен жандандыру үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік беретіндей деңгейге дейін төмендету  болды.

Бағдарламаны  басты орындаушылардың  бірі   1994 жылғы  қазан да былай  деп  мәлімдеген  еді: «Осы жылдың  аяғына  дейін инфляцияны  айына  7 процентке дейін   төмендетпек  ойымыз бар. Келесі жылға  келетін  болсақ (1995 жыл- факторлар  жайында айтылып  отыр), макроэкономика  авторларының іс-қимылдарын инфляцияны сәуір айына дейін (1995 жылғы -автор) айына екі немесе  тіпті бір процент деңгейге дейін жеткізілетіндей етіп ұйымдастыру көзделіп отыр, оның өзі Stand-bu  бағдарламасының ережелеріне сәйкес келеді. Бұл цифрлар сондай-ақ  Мадритде Қазақстан  делегациясының қатысуымен болған кездесулерде  әзірленген құжаттарда  да жазылған. Біз жағдайға қарап қадам жасамай, ал оны қалыптастыруға тиіспіз, біз бұған қабілеттіміз».

1995 жылғы алдын-ала деректер инфляция деңгейінің бағдарламада көзделгендегіден жоғары болатынын көрсетеді. Өндірістің  құлдырауын да  тоқтату мүмкін  болмады. Егер  өндіріс құлдырауының қарқынын қадағалайтын болсақ, 1992 жылы өндірістің құлдырауы  біршама

тұрақты  болған 1990 жылмен  салыстырғанда  14,6 %, 1993 жылы -28 %, 1994 жылы -48 %,                 1995 жылы 57 % болған.

Осы фактілерге орай  біздің  үкіметтің  орта  мерзімді  жаңа  бағдарламасында  да  инфляцияның  жылдық  қарқыны 9-12 процентке  дейін төмендетілуі 1997  жылдың  аяғына  дейін  қалдырылғаны  ерекше алаңдатады. Мұның өзі:  егер  үкімет өзінің  ескі  принципін  ұсынатын  болса  (ең әуелі тауар  өндірісін жандандыруға мүмкіндік беретін макроэкономикалық тұрақтандыру, ал оның өзі 9-10 % жылдық инфляция жағдайында мүмкін  болатын нәрсе), онда отандық  тауар өндірушілер 1998 жылға дейін жанданады  деп күтпесе де болады, деген сөз.

Бірқатар салаларда іскерлік белсенділіктің жандануына біздің алданбауымыз керек, дегенмен мұндай нышандарды құптамасқа болмайды. Қазақстанның бірде-бір саласы әлі де  болса дағдарыстан шыққан жоқ және тұрақты даму дәрежесіне жеткен жоқ, ал халықтың күнделікті қажеттерін қамтамасыз етуші жеңіл және  тамақ өнеркәсібі сияқты салалар «тұңғиыққа» одан әрі құлдилауда. Мәселен, 1995 жылдың сегіз айы ішінде  ғана жеңіл  өнеркәсіп өндірістің тағы да 68 процентінен айырылды. Отандық тұтыну тауарлары  өндірістегі  шығын олардың ішкі рыногынан да  айырылып қалуға әкеліп соғады да,  онда әрдайым сапалы бола бермейтін импорттық көпшілік қолды тауарлар бірден қаптатылады, сөйтіп болашақта бұл салаларды қалпына келтіру мүмкіндігінен айырады. [4].

Азық-түлік тауарлары өндірісінің кемуі бізді ерекше мазасыздандырады: 1994 жылдың сегіз айымен  салыстырғанда 1995 жылғы қаңтар-тамызда ет өндіру 33,7 %, шұжық тағамдары-40,1 %, сүтке шаққанда  қаймағы алынбаған сүт өнімі -45,2 %, сары  май 34,1 процент, нан және нан-тоқаш тағамдары 43,2 процент кеміген, яғни Қазақстан үшін дәстүрлі жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін ең жоғары қарқынмен төмендеп, тамақтану құрылымы өзгеруде. Мұның өзі болашақ ұрпақтардың денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1995 жылдың 9 айы ішінде алдыңғы  жылдың  осы кезеңімен салыстырғанда 19 % болды, яғни ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру  бестің біріндей кеміді. Егін жинау қызған кезде егін жинайтын техниканың 21 проценттен 29 процентіне дейін, механикаландырылған астық қырмандарының 28 проценті жұмыс істеген жоқ.

1996 жылы егін жинауға ауылшаруашылық техникасының жартысынан азы қатысты. Жаңа техника  сатып алу туралы айтпағанның өзінде, қолда бар техниканың өзін қалпына келтіре алмадық. Егер тағы да бірнеше жыл осылай жалғасатын болса, онда біз ауа райы қолайлы  жағдайлардың өзінде республиканың ауылшаруашылық  қуатын  таяу  болашақта қалпына   келтіре  алмаймыз. Техника жаңартылып жатқан жоқ, ал оның 50 проценттен астамы тозған.

Мал санының кемуі ерекше алаңдатады. Өткен жылдың  осы кезеңімен (1-қыркүйек) салыстырғанда , 1995 жылы   ірі қараның жалпы саны  17 %, соның  ішінде сиыр- 10 %, қой -21%,  шошқа -26 %, жылқы-8 %, және құс -40 % азайған. Малдың  өнімділігі де  кеміді.

Бұл фактілерге селсоқ қарауға  болмайды,  өйткені  мал село халқының, әсіресе жергілікті  халықтың  әл-ауқатының негізі  болып келді және болып отыр. Егер  біз бұл процесті тоқтата алмасақ, кейін республикада азық-түліктің  қалыпты  тепе-теңдігін өте ұзақ уақыт қалпына келтіруімізге тура келеді. Бұл параграфта жұмыс тобы менің басшылығыммен әзірленген «Экономиканы дағдарыстан шығару және бұл процесті заңмен қамтамасыз ету» деген кітапша материалдары пайдаланылды.

Нарықтық  реформаларға  балама жоқ екенін біз мойындап отырмыз. Алайда республиканың өркениетті нарыққа кіруі ұзаққа созылып барады, мұның өзі экономикалық реформалардың  өзіне қауіп төндіріп отыр. Кешеуілдеудің нақты себептері көп, бірақ қазір әңгіме олар жайында емес. Кезінде (1994 жылдың бас кезінде) біз реформаларды жүзеге асырудың себеп-салдарларына  егжей-тегжейлі талдау жасауға тырысқан едік.

Онда біз қоғамдық –саяси өмірдің барлық салаларында  реформаларды жеделдету, оларды, әсіресе экономикалық реформаларды заңмен қамтамасыз ету жолдарын өзімізше көрсеткен едік.  Бірақ олар, көптеген идеялар осы күнге  дейін маңыздын жоймағанымен, елеусіз күйінде қалды. Сондықтан проблемалардың  шешімі жөніндегі өз көзқарастарымыздың басты идеяларын қайталауымызға және соның негізінде макроэкономикалық сәйкессіздіктерге микроэкономикалық анықтама беруге тура келіп отыр:

Экономиканың қазіргі дағдарысты жағдайларында мемлекеттік  басқару тактикасына министрліктер мен ведомстволардың осы  бағыттарындағы іс-қимылдарына  талдау  жасауды және  оларды  экономикалық тұрғыдан реттеуді күшейту жағына  қарай  түзету  енгізетін мезгіл жетті. Ең алдымен баспа-бас айырбастың экономикалық себептерін анықтау және  өндірістегі, тауар бөлу мен  айырбастаудағы нарықтық  қатынастардың үзілген   тізбегін  қалпына  келтіру қажет.  Экономикаға  мемлекеттің ықпал ету тұтқаларын жүйелеуге мүмкіндік беретін және министрліктер мен ведомстволардың экономикалық қызметінің  барлық  салаларын қамтитын индикативті жоспарлау бұл бағыттағы  шешуші әдіс болуы мүмкін.

Әңгіме  үкіметтің    реформаларды   жеделдету  жөніндегі  бағдарламасында алға қойылған нақты  мақсаттарға  министрліктер мен ведомстволардың,  жергілікті өкімет органдарының жетуі жөніндегі  олардың әрқайсысының өзара  іс-қимылының  алгоритмдерін белгілейтін  нақты (сапасы мен саны белгіленген) жүйелі  құралдар  жасау жайында болып отыр.

Республикалық   және  жергілікті  өкімет  органдарының үкіметтің  екі  бағдарламасы  бойынша  үш  жылғы  жұмысы    экономикалық реформалардың  жүзеге асырылуы үшін  жауапты республикалық  министрліктер мен  ведомстволар жұмысты  жекедара, көбінесе өз мүдделерін көздеп, іс-қимылдарын өзара  үйлестірместен және, ең жаманы, бір-бірінің мақсат-мүдделерін ескерместен жұмыс істейтінін көрсетті.

Нарықтық экономиканың  жаңа  бағыттары.

2.1. Экономиканы дағдарыстан  шығару.

Осы  кезге  дейін  жүзеге  асырылып  келген  экономикалық  реформалар  бағытын  жалпы  алғанда әкімшіл-әміршіл басқару  элементтері  бар дәйексіз монетаризм деп  сипаттауға болады. Принципті  тұрғыдан  алғанда  өтпелі  кезеңнің  экономикалық  саясатын  белгілі бір  дәрежеде тәптіштей  отырып, екі  принцип: 1) нарықтық  радикализм, 2) экономикалық  консерватизм негізінде  жүзеге асыруға болатыны жалпы  жұртқа мәлім.

Бірінші  принциптің мәні - айналымдағы ақша  массасын шектей отырып, инфляцияны қатаң  бақылауға  алу, бюджет-салық және  ақша-несие әдістері, ал бұл жағдайда тауар  өндірісін қолдаудың  және  шаруашылық  өміріне  мемлекеттің араласуының маңызы бірінші дәрежелі емес.

Екінші  принцип-  экономикалық  артықшылықтар бойынша  барлық  меншік  түрлеріндегі тауар өндірісіне, ең алдымен   тіршілікті  қамтамсыз ету  салаларына, сондай-ақ экспорттық кешен  салаларына  іріктеп  қолдау  көрсету.

Ал іс  жүзінде  біздің практикада, 1994 жылдың  бас  кезіне    дейін  дерлік, осы принциптедің  таң  қаларлық симбиозы қалыптасып, (1994 жылдан  бастап  бірінші  принципке  ақиқат  артықшылық  берілді),  мемлекет  экономикалық  процестер мен  нақты  проблемаларды  күнделікті реттеуден  іргесін аулақ  салды.  Бұл либералды экономика моделін бағдар ету әрекеті  болды. Бұл модельдер шаруашылық  жүргізуші субъектілердің  барынша  еркін  болуын  қамтамасыз  етеді және мемлекеттің міндеті  жалпы  құқықтық және экономикалық шеңберлер жасау, ал экономиканы рынок  өзінен-өзі реттеуге  тиіс деп  санайды. [5].

 Сонымен қатар  экономикалық  процестер барысына  мемлекеттің  әкімшіл-әміршіл, әрдайым  бірдей білікті емес араласуы сақталды. Яғни мұның бәрі  реформалардың өзінен-өзі реттелетін, мемлекет  аздап  қана басқаратын механизмін іске қосу, бағаны ырықтандырудан мемлекеттік меншікті тез  арада жекешелендіруге  көші  және рынокқа жедел қарқынмен  ілгері  басуға көшу үшін алғышарттар  жасау әрекеті секілді болып көрінді. Алайда  бұл тек қалыптасқан нарықтық жүйе жағдайында мүмкін  болатын  нәрсе. Бірақ  тіпті  осы  жағдайдың өзінде  рынок  қоғам  үшін  маңызды, болашақ  үшін  зор  маңызы  бар көптеген  проблемаларды өзінен өзі шешпейді.  Бұл әлеуметтік  қорғау, ілгері ғылыми зерттеулер проблемаларына  қатысты, рынок  әлеуметтік инфрақұрылым  салаларын  жасау мен  дамытуға тым сылбыр және   зауықсыз қатысуда.

Осы  бағытпен жүрудің  нәтижелері   айқын  болып  отыр және  егжей-тегжейлі сипаттауды  қажет етпейді.  Мұның  өзі  ең алдымен  нарықтық механизм  әлі де  құрылмаған кезде мемлекеттік секторды басқарудың әлсіретуіне байланысты. Мемлекеттің   кәсіпорындар әлі де болса  пайда бола  қоймаған   рыноктың да,  реттеуші  әсері  жоқ меншік иесі  ретінде мемлекттің де бақылауынан тыс  қалды.

Экономикамыздың  ауыр  жағдайға  тап  болуына  үкіметтің  көптеген  функцияларынан бас тартуы да теріс әсерін  тигізді. Сын  көзімен  қабылданбаған «мемлекет  иелігінен алу» экономиканы, соның  ішінде мемлекеттік  секторды  басқару тізгінінен толық  айырылуға әкеліп соқты. Нарықтық  экономикада мемлекеттің  рөлін жете  түсінбеу мен  жете   бағаламау  оқиғаларына жиі кездесіп жүрміз.

Керісінше, мемлекеттің  бірінші  және  негізгі  функциясы- рынокқа қатысушылар  үшін «ойын ережелерін» белгілеу және  сол ережелердің  сақталуын  бақылау, оларды  қорғау мен  жетілдіру  секілді. Құрамында  мемлекет меншігі, ресурстары  жоқ бірде-бір экономикалық  жүйе  дүние  жүзінде  жоқ. Бірақ  нарықтық  жүйелерде мемлекеттік меншік  пен мемлекеттік  сектордың  мәні  бір емес.  Мемлекеттік  сектор мемлекеттік меншікке қарағанда  әрдайым ауқымдылау.  Мемлекет- аса ірі  жұмыс  беруші, өнім   өндіруші  және  сатып алушы.  Ол өз меншігі  үшін,  өз экономика секторы  үшін толық  жауапты  болуға  тиіс.  Ал  бізде  әзірше  тіпті  ресми  өнеркәсіп  саясаты да жоқ. Мұндай  саясат шеңберінде бірқатар проблемаларды: мемлекеттік  өнеркәсіптің  (мелекеттік  меншіктің), оның  ұйымдық   нысандары мен  басқару  жүйесінің  тағдырын шешу қажет. Мұнда  орын  алып  отырған  бейберекетсіздік  ешбір қисынға  симайды.

Өкімет кезекті  бағдарламада   мемлекеттің  мемлекеттік емес өнеркәсіпке деген көзқарасын да мемлекеттік және мемлекеттік  емес сектордың өзара іс-қимылының (аралас   меншік) мәселелерін де мүлдем елемеген.

 Нарықтық экономикада  мемлекет тауарлар мен қызметтердің  аса  ірі сатып алушысы  болып  табылады. Мемлекеттік  бюджеттің  едәуір бөлігі мемлекеттік   сатып алуларға  жұмсалады. Бұл-бюджеттік ұйымдарды материалдық  жағынан қамтамсыз ету: армияны, милицияны техникамен жабдықтау , мемлекеттік  резервтер қорларын  қалыптастыру да. Мемлекеттік  тапсырыс  саясаты  Қазақстанда тауарлар  мен қызмет  негізгі   капиталға  қосымша  инвестициялар тартпастан  өндірілетін болса немесе өндірілуі мүмкін болса, оларды  шет  елдерден сатып  алуға  тиым салудың заң жүзінде  баянды етілген принципіне негізделуге тиіс.

Сол арқылы отандық тауар  өндірушіге қолдау  көрсету міндетінің бір  бөлігін де шешуге болады. Тоқыма, былғары , аяқ киім, тігін және т.б. өндірісті, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің  бір бөлігін қауіпсіз  шектеу шеңберіндегі мемлекеттік тапсырыстар ғана  қолдай алады.

 Экономиканың  қазіргі дағдарысты жағдайларында Үкіметтің  іс-қимыл бағдарламасын былықтың  әкімшілікпен  ұштастырылуы орнына экономикалық  реттеу әдістерін күшейту жағына  қарай  түзететін  мезгіл  жетті. Экономикалық процестер  барысына мемлекеттің ықпал етуінің экономикалық әдістерінің жүйесі мыналарды қамтиды: индикативті  жоспарлау,  бюджет-салық және  ақша саясаты, бағаны  және  жалақыны реттеу, монополияға қарсы  саясат. Яғни монетаризмнің классикалық құралдарын (салықты, ақша эмиссиясын) тікелей экономикалық реттегіштерді пайдаланумен  толықтыру қажет. Мұны  жүзеге асыру үшін  бірінші  кезектегі іс-қимылдардың  «іске қосылатын кешенін» жасаған жөн.

 Мәселе  тауар  өндіруілерге іріктеп  қолдау  көрсетуге, әсіресе  еліміздің экспоттық потенциалын қамтамасыз ету мен дамыту салаларында бәсекелік орта қалыптастыруға  бағытталған жаңа  мемлекеттік  саясатты жүзеге асырудың әдістерінде. Сондай-ақ халықтың ең осал бөлігін қажетті әлеуметтік- экономикалық нормативтер және  оларды  қамтамасыз етудің мемлекеттік кепілдігі  жүйесі бойынша қорғау  қажет.

Тиісті  микроэкономикалық саясатсыз  дағдарыстан шығудың  жолы жоқ екені айқын болып  келеді. Үкімет  бағдарламасында нақ осы бөлім жеткіліксіз пысықталған.  Жекешелендіру процесіне өзгерістер енгізу қажет. Жекешелендірудің купондарға байланысты  бірінші  кезеңі   экономика құрылмын  жеке меншік  қатынастарын  реформалаудағы  өз мүмкіндіктерін сарқып болды. Нақты, пәрменді  іс-қимыл жасайтын меншік иелері тобының қалыптасуына  оның септігі тиген жоқ. Үкімет  бағдарламасында  макроэкономикалық  саясаттың нақ  институциялық өзгерістер  саласында жол  берілген олқылықтар салдарынан ақсап отырғаны ескерілмеген.

Үкіметтің  орта  мерзімді бағдарламасына  сәйкес, біздің әкономикамыздың  маңдайына бұрынғысынша,   дамыған  елдердің  шикізат шылауы болу жазылған. Қалыптасқан  жағдайдан шығудың жолын біз өндіріс  саласындағы  институциялық өзгерістермен  қатар  салыстырмалы іс-қимылдардың жүзеге асырылуынан көріп  отырмыз.   Бәсекелік қабілеті бар отандық өндірістерге басым қолдау көрсетілуін қамтамасыз ету жұмысын юастау керек.

Өнеркәсіпте  холдингтерді жедел таратып, технологиялық өзара байланысты және  бәсекелік қабілеті  бар  қаржы - өнеркәсіп  топтарын құруға  кірісу  керек, мұнсыз дүниежүзілік рынокта біздің  болашағымыз жоқ.  Агроөнеркәсіп кешенінде  тасу мен  тұтынуға  дайын  тауар  өнімін шығаруға  бағдарланған агроөнеркәсіп корпорацияларын құру үшін жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету қажет. Институциялық жаңғыртулар  агроөнеркәсіп кешенінде ерекше  залалды  болғандықтан, нақ агроөнеркәсіп кешенінде  негізгі  жұмыстар  бәсекелік қабілетті  бар өндірістердің  дамытылуына  жәрдемдесу  ісіне бағытталуға  тиіс. Біздің жағдайларда дүниежүзілік  азық-түлік рыногына тәуелді болу қиынсыз болар еді.  Үкіметтің  алдағы үш жылдағы   басты міндеті агроөнерсәсіп кешеніне қолдау көрсету болуға тиіс. [6].

Агроөнеркәсіп кешенінде тасуға және тұтынуға әзір  тауар өнімін шығаруға бағдарланған агроөнеркәсіп  корпарацияларының құрылуы үшін жағдайлар жасау керек. Бұл саладағы институциялық жаңғыртулар ерекше  залалды болғандықтан, нақ осында  бәсекелік  қабілеті бар  өндірістердің  дамытылуына жәрдемдесу жөнінде үлкен жұмыс жүргізілуі тиіс.

2.2. Жекешелендіру саясаты.

Экономикалық дамудың бұдан бұрынғы көп жылдық тәжірибесі жұмысшыларды теория жүзінде  өзімен қабыстыруға  тиіс болған өндіріс құралдарын  мемлекет меншігіне  алу  іс  жүзінде  мүлдем кереғар нәтиже  берді-өндірушілердің өндіріс  құралдарынан  оқшау  қалуына  әкеліп  соқты.  Адамдардың экономикалық  мүдделерінің негізгі  меншік  қатынастары  екені жалпыға  мәлім.  Ал ресми ғылым  болса,  өніріс  құралдарына  мемлекеттік меншік артықшылықтарының  экономикалық қатынастары  жүйесін  шектей отырып және  елдің әрбір азаматы олардың қауымдасқан  иесі  болып  табылатыны  пайымдап, іс жүзінде  адамдардың  экономикалық  мүдделерін  жалғыз  ғана нәрсемен- еңбекке деген  ынтамен шектеді. Ал  шаруашылықты  ұйымдастыруға , ұтымды  пайдалануға  деген ынта  іс жүзінде жоқтың  қасы  болды, өйткені  қоғамда жұмысшының еңбек ету  қабілетінің меншіктенуі, еңбек заттары мен құралдарының өнімді және жекелей пайдалануын ұйымдастырудың шарты ретінде  олардың  меншіктелуі танылмады.

Экономикалық құқықсыздық «ортақ иені», «жалпыхалықтық »  меншіктің  беймәлім субъектіні жасырын  пайдаланатын объектіге айналдырды.

Меншікті  жаппай  мелекеттендіру тиісінше бірсыпыра тұрақты теріс зардаптарға, соның ішінде:  өндірістік ресурстардың   тиімсіз пайдаланылуына , тауар өндіру мен қызмет көрсетудің монополияландырылуына, тауар-ақша массасының сәйкессізденуіне, өнім өндіруші мүдделерінің тұтынушы мүдделерінен жоғары қойылуына, арамтамақтыққа, масылдыққа, алыпсатарлыққа әкеліп соқты және т.б.

Мұндай жағдайларда жұмысшы өзіне тиесілі жұмыс күшін өз қалауынша, өз қабілеті мен мүддесіне сәйкес пайдалана алмады. Заңдардың және ұйымдық шаралар жүйесінің  көмегімен жұмыс  күшін мемлекет  жұмысшыдан оқшаулап, өз меншігі ретінде пайдаланды.

Дүниежүзілік экономикалық саясат алайда  экономикалық өсімнің қуатты тетігін еркін өндірісшілерге өндіріс  құралдарын  сөз жүзінде емес, ал іс жүзінде беру арқылы жасауға болатынын көрсетіп  отыр. Сондықтан  мемлекеттік меншікті бөлудің және меншік иелеріне берудің нысандары  туралы мәселе қайта  құрудың бастапқы кезеңінде-ақ алға қойылған  болатын. Алайда, сол кезеңде  басталған  жекешелендіру  көп жылдан бері басылмай келе жатқан айтыс пен сынға арқау болды.

Жекешелендіру – мемлекет иелігінен    алудың  басты  бағыттарының бірі. Алайда  мемлекет  иелігінен  алу – жекешелендіруге  қарағанда анағұрлым  ауқымды ұғым.

Мемлекет иелігінен алу процесі шаруашылық  жүргізуші субъектілердің  экономикалық  дербестігінің   күшеюіне және олардың коммерциялық мүдделерінің  жүзеге асуына байланысты қазіргі мемлекеттік  басқару жүйесінде кәсіпорынның  немесе ұйымның  орны мен рөлі  принцпті түрде  ауысатын құбылыс болып табылады.

 «Жекешелендіру» ұғымына  келер  болсақ, ол мемлекетке  қарасты  кәсіпорындар , көлік құралдары , тұрғын үйлер және   басқа  мүлік ақы  төлеп немесе  басқадай  жолмен азаматтардың   немесе  акцонерлік қоғамдардың  (серіктестіктердің) жеке меншігіне алынатын процесті білдіреді.

Мемлекет иелігінен алу  мен  жекешелендірудің  сапалық  айырмашылығы  мынада: жекешелендіру процесінде мемлекеттік меншік қатынастарының  субъектісі міндетті түрде  өзгереді,  оның жеке-даралануы  күшейеді және  нақтыланады, ал мемлекет  иелігінен алу кезінде  олай болмауы мүмкін. Бұл сапалы  айырмашылықтың зор  маңызы  бар, өйткені мемлекет иелігінен алу  процесі, әдетте, біршама ауыртпалықсыз өтеді және кері қалпына келтірлуі мүмкін, ал  жекешелендіру процесі, мемлекет иелігінен алынған мүлік жеке меншікке берілген кезде сирек жағдайларда болмаса, тиянақты сипат алып, қоғамдық құрылыс базисінде түбегейлі өзгерістер болмайды. [7].

Мемлекет иелігінен  алудың  мақсаты-мемлекеттік  меншіктің  басым жағдайын мүлікке иелік және қожалық етудің монополиялық түрінде  емес, ал оны меншік құқығын сатудан  кіріс  келтіру мақсатымен түрлі  шаруашылық субъектілеріне коммерциялық негізде бере отырып  сақтап қалу. Мемлекет иелігінен алу мынадай негізгі міндеттерді шешеді:

  • экономикада мемлекеттік секторды қысқарту;
  • өндірісті мемлекеттік-директивалық басым реттеуден нарықтық тетіктер негізінде реттеуге көшу;
  • мемлекет меншігінде қалатын  кәсіпорындардың қызметін  коммерциялау, бұл кәсіпорындар үшін шаруашылықты  дербес жүргізу принципін орнықтыру, мұның өзі оларды техникалық-экономикалық, өндірістік,  өнім өткізу және  баға саясатын дербес белгілейтін рыноктың толық құнды субъектілеріне айналдыруға мүмкіндік біріді;
  • өндірісті  монополиясыздандыру және бәсекелестікті дамыту, бұл жағдайда  мемлекет монополияландырылмаған жеке меншік және мемлекеттік кәсіпорындар үшін ойдағыдай экономикалық жарысқа түсетін жағдай жасайды;
  • сыртқы экономикалық қызметте мемлекеттік монополияны бірте-бірте   жою, бұл жағдайда мемлекет елге шетелдік инвестициялар мен импорттың  қажетті мөлшерлерде әкелінуін ғана қамтамасыз етеді.

Жекешелендіру  бүкіл дүниежүзілік  практикаға, соның ішінде Батыстағы дамыған елдердің  аралас нарықтық экономикасына тән. Қазіргі  кезде ол дүние жүзіндегі  50-ден астам мемлекетте белгілі бір нысанда,  белгілі  бір көлемде жүзеге асырылуда.

Осыған байланысты түрлі елдерде жүзеге асырылып жатқан жекешелендірудің  мақсаттары мен міндеттері туралы сұрақ туып отыр. Дамыған капиталистік елдер  мен дамушы елдердегі жекешелендірудің барысына  жасалған талдау  негізгі мақсат екі міндетті шешу екенін көрсетеді:

-түсімсіз және түсімі аз мемлекеттік  кәсіпорындарға субсидиялар мен дотациялар берілуі  себепті пайда болған бюджет  тапшылығын қысқарту, яғни мемлекеттік  бюджет ауырпалығын қысқарту:

-жекешелендірілген кәсіпорындарға экономиканың өсуі арқасында  ұлттық экономиканың тиімділігін артыру.

Дамыған капиталистік елдер мен дамушы елдерде мемлекеттік  кәсіпорындарды жекешелендіру мақсаттарының бірі-мемлекеттік қаржы ауыртпалығын азайту. Мемлекеттік  кәсіпорындардың  жұмыс тәжірибесі  олардың көбінесе нарық жағдайларындағыдай тұтынушыға емес, ал  өздеріне жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Бұл  жерде істің мәні мынада: оларды негізінен  қаржыландырып отырған тұтынушылар емес, мемлекет. Яғни салық төлеушілер есебінен қаржыландырылуда. Олардың қаржы жағдайы  негізінен қызмет нәтижесіне, өз өнімін тұтынушының сатып алатын-алмайтынына байланысты емес.

Осының бәрі мемлекеттік  кәсіпорындар өзі үшін жұмыс істейтін жағдайға әкеп соғуда. Жеке  меншік кәсіпорындарға тән банкроттық қаупінің  мемлекеттік кәсіпорындарға қатысы жоқ. Мемлекеттер мұндай жағдайларда қосымша қаражат беру және басқадай жәрдем беру жолымен өз кәсіпорындарына  әрдайым көмек көрсетіп отырады.  Бірақ көптеген мемлекеттерде ондай көптеген кәсіпорындарды  ұстауға байланысты  қаржы ауырпалығын көтеру мүмкіндігі  әрдайым бола бермейді.  Осы жағдайларда  мемлекеттік   меншікті  жекешелендіру ондай  көптеген кәсіпорындарды ұстауға  байланысты  қаржы ауыртпалығын өзінен алып тастауына  көмектеседі. Мемлекеттік мүлікті  сатып алғандар  оның одан әрі тиімді жұмыс істеуін өздері  ойластыратын болады.

Қорытынды

Өтпелі  кезең қиын да  ұзақ  та болуы мүмкін.  Халық шаруашылғының  барлық салаларында  дағдарыстың үдеуі өтпелі кезеңдегі  дағдарысқа  қарсы  шаралар қолданылуын қажет етіп отыр, олар мыналар:

-нарықтық  қатынастарға  бейімделген  экономиканың  барлық деңгейлерінде  оны басқаруды реформалау және меншік нысандарының арақатынасы қажет. Барлық  басқару органдарының рөлін, міндеттері мен функцияларын жаңаша белгілеу және оларды нарықтық жағдайларға  сәйкестендіру  маңызды. Басқарудың әлі де болса сақталып отырағн  бұрынғы  нарықтық емес әдістерінен түбегейлі бас тарту және ХХІ ғасырға  жаңа экономикалық құрылысқа  бара-бар болатын,  орын  алып  отырған  дүниежүзілік тәжірибені ескеретін  жаңа   басқару  жүйесімен  қадам басу үшін мүмкін болғанын бәрін істеу қажет. Өтпелі кезеңде  жаңа басқару саласына жүйелі  түрде кадр дайындау, оларды ретімен аттестациялау керек;

- ұсынылып отырған  жаңа экономикалық саяси конпенциясы  отандық тауар өндірушілерге іріктеп қолдау көрсетудің  объективті қажеттілігінен туындайды. Елдің шаруашылық өміріне  мемлекеттің араласуы экономиканы ХХІ ғасырда дағдарыстан шығаруға және  оны нарықтық өзін-өзі басқаруға әзірлеу мүмкіндігін беретін нарықтық экономикалық индикаторлар, тұрақтандырғыштар, реттегіштер секілді тетіктердің  шектеулі санымен жүзеге асырылуы тиіс.

-нарықтық экономиканың ерекше  саласы болып табылатын, кәсіпорындарға капиталдың  аз жұмасалуы, жұмысшылар санының шағын  болуы, басқарудың қарапайымдылығы, қызмет профилі мен бағыттарының икемділігі, тез сұраным мен  технологиялық жаңалықтардың жіті қадағалануы тән болатын шағын кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлу керек, әсіресе оған шет ел инвестициясын тарту қажет.  Ол қоғамда және оның жеклеген қосымша жүйелерінде маңызды әлеуметтік- экономикалық функциялар атқарады.

Біз  қаншалықты нарықтық экономиканың тетіктерін игергенімізбен  егер ғылым мен  ғылымды және мемлекетті  алға ұстамасақ, оларға  басымдылық бермесек, ұзаққа шаба алмаймыз. Сол себептен білім  мен ғылымның жаңа технологияның өтпелі кезеңге сай дамуының тактикасы мен стратегиялық бағдарламасын жасап іске асыру қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер.

¹Н.Ә.Назарбаев  «Тәуелсіздік белестері» 2003 ж.

Оразәлі Сәбден «ХХІ ғасырға қандай экономикамен кіреміз». Алматы «Қазақстан » 1997

Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы». А.1993 ж.

Н.Ә.Назарбаев  «ХХІ ғасыр қарсаңында». Алматы 1996 ж.

«Жаңа экономикалық  саясат концепциясы». Халық кеңесі 1995 ж. 13 қаңтар.

 «Салық терминдерінің» орысша-қазақша анықтама сөздігі. М.Т.Оспановтың жалпы редакциясынан Алматы  1996 ж.

В.С. Кабаков «Стратегия предпринимательства». Санкт-Петербург 1996 ж.

Н.Ә.Назарбаев «Сындарлы он жыл» А.2003 ж.

Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан ХХІ ғасыр қарсаңында әлеуметтік-экономикалық болжау» Егемен Қазақстан №3 1994 ж.

Сәбден Оразәлі «Экономикалық реформаға көзқарас» 1998 ж.

Похожие материалы